Түркістанда COVID-19-ды емдеуге қажет дәрі-дәрмек қоры жеткілікті – Нұрхан Нарымбетова

23 Ақпан 2021, 17:51
2142
Бөлісу:
Түркістанда COVID-19-ды емдеуге қажет дәрі-дәрмек қоры жеткілікті – Нұрхан Нарымбетова
Сұхбат
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда киелі өңір Түркістанда 33 аурухана, 5300 дәрігер, 18 мыңнан астам медбике бар. Жаңадан құрылған облыстың денсаулық мәселесі қалай, мамандардың біліктілігі қай дәрежеде, медициналық әлеуеті мен өткен жылғы пандемиядан алған сабағы қандай? Осы туралы Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетовамен аз-кем тілдескен болатынбыз. 

Тілші: Нұрхан Мадалиқызы, облысымызда медициналық білімді жаңғыртуда қандай жоспарлар қолға алынды?

Нұрхан Нарымбетова: Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы жергілікті бюджет есебінен 2020 жылы жалпы 2616 маманды оқытты. Атап айтатын болсақ, ересектер мен балалар невропатологиясынан 33 маман қайта даярлаудан өтіп келді. 7 анестезиолог-реаниматолог, жұқпалы аурулар бойынша 9 маман, ересектер кардиологиясынан 2, ересектер пульмонологиясынан 12 маман дайындалды.

Бұдан басқа Ресейдің Санкт-Петербург, Новосибирск қалаларындағы университет мамандарының қатысуымен инсульт ауруларын оңалту және күту бойынша 30 маман, гемагластоздардың зертханалық диагностикасы, онкоцитологияның таңдаулы сұрақтары бойынша 40 маман оқытылды. Сонымен қатар Новосибирск қаласындағы мемлекеттік университеттің базасында балалар гинекологиясы өзекті мәселер бойынша пренаталды диагностика, науқастарды жүргізу әдістерін оқыту, нәрестелердің бастапқы реанимациясы, ал Санкт-Петербургте И.И.Мечнеков атындағы Солтүстік батыс университетінде клиникалық және иммунология тақырыбында 44 дәрігер біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты.

Ал Жамбыл облысы Тараз қаласының көпбейінді ауруханасында нәрестенің респираторлық емі негізінде қанның газ құрамын сіңдіру, сепсис жағдайында нәресте өлімінің алдын алу, нәрестелердің жүрек-өкпе реанимациясы, монитор аппараттарын оқу бойынша облыстық балалар ауруханасының 42 маманы оқып келді. Сурдология бойынша аудиологиялық ақаумен туған нәрестелер мен ерте жастағы балаларға скрининг жүргізетін 30 маман оқытылды.

Одан басқа №1 облыстық перинаталдық орталықта облыстық балалар ауруханасында тренинг орталықтары бар. Онда 728 маман және 800 орта маман біліктігін арттырды. Ол жерде нәрестелерге қалай қарау керек, балаға қалай күтім жасау, ойнап сөйлесу, тәрбиелеу, балаға науқастанған кезінде қауіпсіз жағдай жасау, науқастанғанын қалай анықтау керектігі оқытылады. Қан кеткенде алғашқы көмек көрсету, отбасын жоспарлау, т.б.

Ал қазір алдымызда тұрған жоспарлардың бірі - осы ақпан, наурыз айында УЗИ пренатальді скрининг бойынша мамандарды оқытуға дайындау. Балаларда сирек кездесетін жүйке аурулар бойынша әр ауданнан жалпы алғанда 14 невропатолог оқытылғалы жатыр. Одан басқа гинекологтарды, педиатрларды, реаниматологтардың біліктілігін арттыру күн тәртібінде тұр.   

Тілші: Былтыр пандемияға байланысты мамандар тапшы деген әңгімелер шықты. Бұл мәселені қалай шеше алдыңыздар?

Нұрхан Нарымбетова: 2020 жылы 1276 маман короновирус инфекциясы бойынша оқытылды. Медицина қызметкерлері хаттама, аурудың алдын алу, емін тағайындау, реабилитация туралы білімдерін тереңдетті. Түркістан облысы бойынша 40 эпидемиологиялық маманды оқыттық. Себебі коронавирус кезінде эпидемиологтардың біліктігін арттыру өзекті болғаны рас. Коронавирустың кері салдары дегенге келсек, әрине болды. Мәселен жоспарлы түрде Нұр-Сұлтан, Алматы қаласына барып ем алатындар үшін аздап кедергілер туындады. Себебі білесіздер эпидемиологиялық жағдайға байланысты басқа облыстарға бару мүмкін болмады, жолдар жабылды және сол сияқты шетелдерге ем алуға жіберу де сол кезде тоқтатылды. Яғни халықтың арасында кезекте тұрғандардың жоспарлы түрде ем алуы мәселесіне ықпалын тигізді. Дегенмен коронавирус кезінде емдеу мекемелері бірталай керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Ал биылғы жоспар – балаларға және жүкті әйелдерге арналған қажетті құрал-жабдықтар сатып алу.

Тілші: Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу нәтижесін беріп жатыр ма? Өткен жылы шетелдік дәрігерлермен неше кездесу өткізілді?

Нұрхан Нарымбетова: Шетелдік мамандармен тәжірибе онлайн режимде өткізілді. Қытай, Ресей мемлекетінің мамандарымен тікелей онлайн тренингтер болды. Мамандар өздерін қызықтырған сұрақ-жауаптармен алмасты. Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастырумен 3-4 тренинг өткізілді.

Тілші: Облыста дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру мәселесі қалай жүргізілуде?

Нұрхан Нарымбетова: Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қоры бізде жеткілікті. Қазір коронавирус инфекциясына байланысты бізде екі айлық қор бар. Ол қордың 75 пайызы мемлекеттік мекемелерде, 25 пайыздайы өзіміздің қорда тұр. Дәрі-дәрмектерден бөлек екі айға жететін қорғаныш киімдер қоры да толыққанды қамтылған.

Тілші: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы айта кетсеңіз?

Нұрхан Нарымбетова: Түркістан облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту мақсатында 2020 жылы кеңінен ақпараттық насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан, қала әкімдіктерімен, медицина ұйымдарымен бірлесе отырып, МӘМС жүйесінің қамту көрсеткіштерін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүзеге асырылды. Ол қазіргі таңда да жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың 1 тамыздағы жағдайды алатын болсақ, Түркістан облысы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны 435119 адам болса, 2020 жылы 30 желтоқсанға қарай сақтандыру қорының үлесі 377 707 адам, яғни 22 пайыздан 18 пайызға төмендеді. Бұл Түркістан облысының 2 млн тұрғынының ішінде 1 млн 658 323 мың адам сақтандырылған, яғни 82 пайызды құрайды деген сөз.

Өткен жылы 1406 байланыс орталығы бойынша 24312 өтінім түскен. Олардың ішінде 395 арыз-шағым болса, 280 алғыс айту тіркелді. Сонымен қатар МӘМС жүйес бойынша 19417 кеңес беру тіркелді. Мобильді қосымша бойынша 7596 өтінім жасалды, қосымша 36003 рет жүктеді. Негізі жоспар бойынша мобильді қосымшаны 18 мың рет жүктеу тапсырылған. Бұл тұрғыда жұмыстар жалғасуда. МӘМС-ке қатысты карантиннің талаптарын ескеріп, 428 рет кездесу өткізіліп, 265700 халық саны қамтылды. Медицина қызметкерлеріне 390 рет оқыту өткізілді, оған 29 338 қызметкер қатысты. Ақпаратты түсіндіру жұмыстары аясында 748 орында буклет таратылды. 1829 парақша қоғам орнында орналастырылған. Жалпы алғанда, 81,1 пайыз көрсеткішпен шықтық, бұл жаман емес.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы