Түркістанда банк қызметкері тұрғындар атынан несие алған

22 Сәуір 2021, 07:41
1659
Бөлісу:
Түркістанда банк қызметкері тұрғындар атынан несие алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында полицейлер тұрғынның атынан артығымен несие рәсімдеп, ақша жымқырып, алаяқтық жасаған банк қызметкерін анықтады. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеп отыр.

Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйел өз арызында банктердің біріне 1,5 миллион теңге несие алуға барғанын, банк келісімін беріп, қызметкер аталған несиені рәсімдеп бергенін айтыпты. Дегенмен арада бір жылға жуық уақыт өткенде тұрғын банк қызметкері сол кезде заңсыз әрекет жасап, өзінің атынан екі жарым миллион несие рәсімдеп, бір миллион теңгесін алаяқтық жолмен жымқырғанын білген. Содан полицейлерден көмек сұрапты. Аталған жайт Түлкібас АПБ-мен ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Алаяқтық қылмысын тез арада ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында ауданның полицейлерінен арнайы топ құрылып, жұмыс істеген. Нәтижесінде полицейлер күдікті азаматты ұстады.

Тергеу кезінде анықталғандай, күдікті қазіргі таңда банкте жұмыс істемейді екен. Тәртіп сақшылары күдіктінің тағы осындай алаяқтық жайттарына қатысы барын анықтады. Күдікті азамат жергілікті тұрғынның бірінен дәл осындай алаяқтықпен 700 мың теңге алған. Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Азамат қамауға алынды.

Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға кез келген құжатқа қол қоймас бұрын мұқият қарауға кеңес береді.


Өзгелердің жаңалығы