Түркістанда 50 гектар аумақты алып жатқан жаңа экопарк ашылды

Жаңа демалыс аймағында күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарық шамы орнатылды.

 Түркістан облысының әкімдігі Бүгiн 2026, 09:48
Бүгiн 2026, 09:48
185
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

 

Түркістанда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қарашық өзенінің жағасында аумағы 50 гектар болатын жаңа «Түркістан» экопаркі ашылды.

Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Оның айтуынша, жаңа парк қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға, спортпен айналысуға және отбасымен уақыт өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған экопарк – жай ғана демалыс орны емес. Бұл – Түркістан тұрғындары мен қонақтары кездесіп, спортпен айналысып, бос уақытын пайдалы өткізе алатын заманауи кеңістік, – деді өңір басшысы.

Парк аумағына жергілікті климатқа бейімделген ағаштар отырғызылған. Олардың қатарында тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары бар. Келушілер үшін төрт көпір, үш волейбол алаңы, футбол алаңы, аумағы 4 мың шаршы метр болатын балалар ойын аймағы, балық аулауға арналған үш орын, от жағуға және барбекю жасауға арналған орындары бар 11 пикник алаңы жабдықталған.

Сонымен қатар экопаркте күн батареяларымен жұмыс істейтін 170 шам, орындықтар, шағын сәулет нысандары, сондай-ақ тас пен ағаштан жасалған мүсіндер орнатылған. Құрылыс кезінде экологиялық қауіпсіз материалдар пайдаланылған.

Жаңа демалыс аймағының ашылуы Конституцияның жаңа редакциясының күшіне енуіне орай ұйымдастырылған «Жаңа Конституция – халықтың құқықтық мәдениеті» атты қоғамдық акциямен қатар өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамның және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Мерекелік кеш Қазақстан өнерпаздарының концертімен аяқталды. Сахнада Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек және Alem өнер көрсетті.

Наверх