Түркістанда 22 мыңнан астам АӘК тағайындаулар тексерілді – Әсия Құралқызы

16 Қыркүйек 2022, 18:20
1701
Бөлісу:
Түркістанда 22 мыңнан астам АӘК тағайындаулар тексерілді – Әсия Құралқызы

Түркістанның облыс болып құрылғанына биыл небәрі төрт жыл. 2018 жылдан бастап бүгінге дейін аймақ халқының саны 2087,4 мың адамға дейін немесе 5,6% ұлғайды, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан халық саны көп, оның ішінде республикадағы көпбалалы аналардың үштен бірі осы аймаққа тиесілі. Статистикалық деректерге жүгінсек, облыста бала туудың жалпы көрсеткіші мың тұрғынға шаққанда 27,09 адамды құраған. Облыс тұрғындарын жұмыспен қамту, көші-қон, масылдық психологияны азайту тағы басқа әлеуметтік мәселелер туралы сұрақтарымызға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Құралқызы жауап берді. 

– Оңтүстік өңірінде дүниеге келіп жатқан балалар көп болғандықтан, әрине табиғи өсім жоғары болады. Түркістан тығыз орналасқан ауыл-аймақтардан тұрады. Өзіңіз білесіз, облыста ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жоқ, сондықтан мұнда ауыл шаруашылығы бағыты басым әрі осы салада кәсіпкерлік бастаманы дамытуға көп көңіл бөлінеді. Айтып өткенімдей, облыстың демографиялық өсім басқа аймақтарға қарағанда жоғары.  Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Түркістан облысы 2018 жылы құрылған сәттен бастап күні бүгінге дейін облыс тұрғындарының саны 2087,4 мың адамға дейін немесе 5,6% ұлғайды. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде халық саны 194,2 мың адамға жетті. Жыл басынан бері алты ай ішінде облыста туудың жалпы көрсеткіші мың тұрғынға шаққанда 27,09 адамды құрады. Бұл жалпы республика бойынша айтарлықтай жоғары көрсеткіш.  

– Айтыңызшы,  Түркістанда тұрмысы төмен отбасылар көп пе екен?

– Әрине, халықтың саны көбейгені жақсы, бірақ бір жағынан ол жан басына шаққандағы жиынтық табыстың төмендеуіне әкеліп соғады және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік көмекке жүгінуінің бір себебі де осында жатыр. Сөзіме дәлел керек десеңіз, жыл сайын табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі артып келеді, мәселен 2018 жылы 6,6%-ды құраса, 2021 жылдың басына қарай 12,2%-ға дейін өсті. Оның 10%-дан астамын кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтар құрайды. Статистикалық мәліметке сәйкес, облыста 2022 жылдың IІ тоқсанының қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 5,1%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,7% құрады.

– Кейбір отбасылардың мемлекеттен көмек алу үшін табысын жасырады дегенді естіп жатамыз. Бұл ретте қандай шаралар атқарып жатырсыздар?

– Сұрағыңызды түсіндім, біз азаматтардың мәліметтеріне қолжетімділік алып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2020-2021 жылдар кезеңінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу заңдылығына мониторинг жүргізу бойынша шаралар қабылдадық. Біріншіден, АӘК тағайындау кезінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу үшін біздің басқарма Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірге АӘК тағайындаудың мониторингін жүргізу туралы бірлескен бұйрық қабылдады. Осы бұйрықты орындау үшін АӘК алушылардың тағайындалған істеріне түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде 22 мыңнан астам АӘК тағайындаулар тексерілді. Негізінен бұзушылықтар өз табыстарын жасырған немесе АӘК тағайындау мерзімі ішінде жұмыспен қамту шараларына қатысу міндеттемесін өздеріне алып, жасалған әлеуметтік келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған өтініш берушілердің өздерінің кінәсінен жіберілген.

– Қандай заң бұзушылықтарды анықтадыңыздар? 

– Мысалы, бір ауданның тұрғыны екі жеңіл және екі жүк автокөлігі бар болса да атаулы әлеуметтік көмек алған, қазір алған қаражатын бюджетке қайтарды. Басқа ауданның тұрғыны алты ай ішінде жиырмаға жуық автокөлік сатқан. Ол да кірісін мамандардан жасырып, 400 мыңнан астам теңгеге АӘК-ті заңсыз алған. Ақпараттық жүйе арқылы өтініш берушілердің меншігінде 2-3 тұрғын үйі, дүкендері немесе басқа да коммерциялық жылжымайтын мүлкі бар екендігі анықталған жағдайлар да кездесті. Бірақ бұзушылықтың негізгі үлесін жұмыспен қамту шараларына қатыспаған, бір-екі жыл ішінде еңбекке жарамсыздық немесе жұмысқа орналасқан туралы жалған анықтамаларды ұсынған, міндетті зейнетақы жарнасын өз қаражатынан аударған АӘК алушылар құрайды.

– Мұндай қадамға көбіне кімдер барады екен және олай жасамас үшін қандай ақыл-кеңес айтқан болар едіңіз?

– Негізінен мемлекетті алдауға материалдық жағдайын өз бетінше жақсартуға мүмкіндігі бола тұра жасамайтын азаматтар баратынын атап өткім келеді. Олар көмекке жүгінген кезде кейбір жағдайда үйдің отағасын бала күтімі үшін үйде отыратынын көрсетеді, яғни, жұмыстан бас тарту мақсатында осыған барады. Өйткені ер адам өз балалары мен жалпы отбасын қамтамасыз етуі керек. Көптеген азаматтар мемлекетке салық төлемеу үшін өз мүлкін салық төлеу бойынша жеңілдіктері бар мүгедектерге рәсімдейді. Мұндай алаяқтық нәтижесінде осы мүгедектердің отбасылары мұқтаждығына қарамастан, олардың артында жылжымалы және жылжымайтын мүліктің бірнешеуі тіркелгеніне байланысты атаулы әлеуметтік көмекті ала алмайды.

– Сонымен олардан өндірілген ақша мемлекетке қайтарылды ма? 

– Әрине, қазіргі таңға дейін 38,5 миллион теңге заңсыз төленген, соның 27,0 миллиондайы бюджетке өз еркімен қайтарылды. Осындай жағдай мемлекеттік грант беруде де кездесті. Заңнамаға сәйкес, азамат жұмыссыз немесе ісін жаңа бастаған кәсіпкер мәртебесіне ие бола отырып, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қайтарымсыз грантты бір рет қана ала алады. Бұл ретте грант алушы кәсіпкер ретінде тіркеу кезінде міндетті зейнетақы төлемдерін төлеу арқылы өзі алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын растауы тиіс. Алайда, біздің басқарма тарапынан зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында, мемлекеттік грант алушылардың 90% міндетті төлемдерді уақытылы аудармағанын анықтады. Грантты екі реттен 27 азамат алса, тұрақты жұмысы болса да 31 азамат екі рет грант алған, яғни заңсыз 18,1 миллион теңгеге мемлекеттік грант берілген. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар грант алу үшін жеке кәсіпкерлік ашып, бір айдан кейін әлеуметтік көмек алу үшін өз табыстарын жасанды түрде төмендетіп, ЖК қызметін тоқтатқаны туралы фактілер анықталды. Әрине біз тексеру нәтижесінде бұзушылықтарды жою және заңсыз алынған қаражатты қайтару бойынша шаралар қабылдадық. Грантты заңсыз алған алушыларға қаражатты қайтару туралы хабарлама берілді. Қаражатты өз еркімен қайтаратын азаматтарға қарызды бөліп-бөліп қайтару мүмкіндігі берілді, ал заңсыз алынған қаражатты өз еркімен қайтарудан бас тартқандарға сот органдарына талап арыз берілетін болады. Бүгінгі таңда грант алушылар бюджетке 11,2 миллион теңге қайтарды. Қаражатты қайтару бойынша жұмыс жалғасуда. Жалпы, әрбір адам атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін заңсыз әрекеттерге барғанымен, оның бәрібір әшкере болатынын білуі тиіс. Яғни заңсыз алынған қаражат бюджетке қайтарылады.

 – Жарайды кейбір адамдарда масылдық психология бар, табысын жасырып түрлі айла-әрекеттерге барды делік. Ал осыған жол берген мамандарды не істеп жатырсыздар? 

– Әрине, бұзушылық фактілеріне жол берген аудандар мен қала мамандарының жауапкершілігінің төмендігін де жоққа шығаруға болмайды. Бұған ішінара жергілікті жерлердегі штаттық бірліктердің жеткіліксіздігі және жүгінетін азаматтардың көптігіне байланысты жұмыс істейтіндерге үлкен жүктеме әсер етті.

– Расында мемлекеттен қолдау алып, ақшаны мақсатты жұмсай білген тұрғындар бар ма? 

– Иә, бар. Өз күш-жігерінің арқасында кедейліктен шыққан атаулы әлеуметтік көмек алушыларды да атап өткен жөн. Мысалы, Түлкібас ауданының тұрғыны Гүлмира «Еңбек» бағдарламасы аясында «Шаштараз» мамандығы бойынша қайта даярлау курсын оқып, бір бөлме жалға алды. Осы мемлекеттік грант қаржысына әйелдер мен балаларға қызмет көрсететін шаштаразын ашты және мұқтаждықтан шықты. Келесі бір мысал, Қазығұрт ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Сапаркүл тігінші мамандығы бойынша үш айлық қысқа мерзімді оқуға қатысып, мемлекеттік грант алды. Қазіргі таңда шағын тігін цехын ашып, өз кәсібін дамыту арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен аз қамтылған азаматтардың қатарынан шықты. Осындай өз күшімен кедейліктен шыққан азаматтар әр аудан, қалаларда бар.

– Жұртшылық БАҚ беттеріндегі ресми жаңалықтарды оқи бермейді. Кейбірі тіпті «галочка» үшін жасалған деп басқармалардың атқарып отырған жұмысына сенімсіздікпен қарайды? Айтыңызшы, осы қыркүйекке дейін қандай шаралар атқардыңыздар? 

– 2022 жылы жалпы «2021-2025 жылға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» аясындағы 70,3 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау көзделген. 2022 жылдың сегіз айында «Еңбек» бағыты бойынша 67,3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Атап өтсек, жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес қыркүйек айынан бастап, 843 жұмыссызды қысқа мерзімдік оқытуға жолдау жоспарланды. Сонымен қатар, 25,7 мың адам тұрақты жұмысқа орналасып, 24,4 мың адам субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына, оның ішінде 3424 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 15,0 мыңға жуық азамат қоғамдық жұмыс орындарына, білім беру ұйымдарын бітірген 29 жасқа толмаған 5804 азамат Жастар практикасы мен «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына жолданды. Сондай-ақ, биылдан бастап пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатқан зейнеталды жасқа дейін екі жыл қалған азаматтарымызға арналған «Күміс жас» жобасына 284 адам жолданды. Нәтижесінде, жылдың соңында жұмыссыздық деңгейі 5,2% аспайтыны көзделіп отыр және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5% құрайды. 

Өзгелердің жаңалығы