Түркістанда 17 жастағы жігіт 9-сынып оқушысын зорлаған

24 Сәуір 2024, 17:42
4902
Бөлісу:
Түркістанда 17 жастағы жігіт 9-сынып оқушысын зорлаған
Фото: pixabay.com

Оқыс оқиға Түркістан облысы Төлеби ауданы Зағамбар кентінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зағамбар кентінде 5 мың адам тұрады. 23 сәуір кешкі сағат 9-да жергілікті тұрғындар полицияға 2008 жылы туған тоғызыншы сынып оқушысын зорлау туралы шағым түскен. Күдіктіні жәбірленушінің өзі көрсеткен. Ол 17 жасар Зағамбар кентінің тұрғыны болып шықты.

Түнде сол ауылдың әр түкпірінде бірнеше өрт болды. Алдымен үйлердің бірінің жанындағы шөп қорасы өртеніп, содан кейін бірінен соң бірі үш көлік өртке оранды. Кейіннен сарай өртеніп кетті.

Тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін онда 330 полиция қызметкері жіберілді. Себебі жергілікті полицейлер жағдайдың күрделігін түсініп, көмек сұраған. Елді мекенге кіре берісте бөгет бекеттері орнатылып, күдіктінің үйіне күзет қойылды. Күшейтілген нарядтар көшелерді күзетіп тұр.

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Төлеби ауданындағы кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Сондай-ақ полиция департаменті Төлеби ауданындағы ауылда орын алған өрт бойынша да жауап берді.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық жағдайлары анықталуда. Полиция қызметкерлері "ізін суытпай" күдіктілерді ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Жергілікті жерде жедел-тергеу тобының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта ауылдағы жағдай тұрақты, - деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы