Түркістан театрында Шәмші байқауының қорытындысы шықты

27 Маусым 2024, 17:30
1938
Бөлісу:
Түркістан театрында Шәмші байқауының қорытындысы шықты
Фото: Түркістан музыкалық драма театры

Түркістан музыкалық драма театры 2024 жылдың сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бәйгеге түскен шығармалар ішінен ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, ардагер ұстаз Байділда Айдарбековтың «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі орынға ие болды. Түркістан музыкалық драма театрының 4-ші маусымы енді қазақтың ән падишасы – «Шәмшімен» ашылатын болды. 

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Нұржан Қуантай бәйгенің жүлдесін табыстады. Баспасөз конференциясына сыншы, мәдени сарапшы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма хатшысы Әлия Бөпежанова, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның театр сыншылар бірлестігінің Вице-Президенті, өнертану кандидаты, театртанушы Амангелді Мұқан, Жазушы-драматург, режиссер, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылбек Ихсанов, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым Әлібек Байболов, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан, Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі және әдеби бөлім меңгерушісі Шынар Омарова қатысты.

Түркістан театрында Шәмші байқауының қорытындысы шықты

Сондай-ақ,  Түркістан театрында 15 өңірлік театрлардан келген әдеби бөлім меңгерушілерінің қатысуымен «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы» атты интенсив семинар өтті. Драматург пен театрдың арасындағы байланысты қалыптастыратын – әдеби бөлімнің меңгерушісі. Ол пьесаларды оқитын, саралайтын, баға беретін, авторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, театр репертуарын қалыптастыратын маман.

Өткенге көз жіберсек театрда әдеби бөлім меңгерушілері Мұхтар Әуезов, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Жақсылық Түменбаев, Исраил Сапарбай, Әшірбек Сығай, Сұлтанәлі Балғабай сынды қазақтың біртуар азаматтары болған. Олардың көпшілігі майталман жазушы, ғалым ғана емес, драматург те болатын. Ал Москваның көркемдік академиялық театрында ширек ғасыр әдеби бөлім меңгерушісі болып қызмет жасап, «В художественном театре. Книга завлита» деген еңбек қалдырған Павел Александрович Марковтың беделін айтып жеткізу тіпті мүмкін емес. 28 жасында Москваның көркемдік академиялық театрына келіп 24 жыл жыл әдеби бөлімді басқарған театрдың өркендеуіне үлес қосқан маманның аты тіпті тарихта қалған. Оның театр туралы жазған еңбектерінің өзі 4 томдық шығармаға арқау болған. Өткен ғасырда театрда өлшеусіз еңбек жасап, әдеби бөлім меңгерушілері(завлит) өздерін мойындатса, бүгінгі таңда беделі қандай?!

Түркістан театрында Шәмші байқауының қорытындысы шықты

Әдеби бөлім - театрдың идея орталығы. Сондықтан да Түркістан музыкалық драма театры еліміздің қазақ тілді театрларындағы әдеби бөлім меңгерушілерінің басын қосып, біліктілігін арттыру мақсатында тың бастама көтерді. Сондай-ақ, мұндай шаралардың жыл сайын өзге театрларда да жалғасып тұруына мұрындық болады.

Журналист Назым Дүтбаеваның «Өзі бар, орны жоқ мамандық» деген «Ақиқат» журналына жазылған мақаласына көзім түсті. Оқысам біз туралы екен. Завлиттер туралы. Қазір театрдағы әдеби бөлім меңгерушілері кімдер?! Көбі театр, филология, журналистика саласынан шыққан мамандар. Мүмкін біздің біліміміздің жеткіліксіздігі театрдағы «орны жоқ мамандық» болуға итермелеп тұрған шығар. Сондықтан да, алдымен біліктілігімізді көтеруіміз керек деген ой келді. «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы» атты аты семинар өткізуге де негізі осы мақала түрткі болды,  -деді Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шынар Омарова.

Интенсив семинар барысында Н. Қуантай «Әдебиет пен өнерді мемлекеттік қолдау саясатының заманауи ерекшелігі», Ш. Омарова «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы», Ә. Бөпежан «Театрлардың репертуарлық саясаты», Ә. Байболов «Балалар әдебиетіндегі заманауи ізденістер» тақырыбында лекциялар оқылып, талқыланды және А. Мұқан «Қазақ драматургиясының даму тенденциялары», А, Ихсанов «Прозаға инсценировка жасау өнері» атты шеберлік сабақтарын өткізді.

Түркістан театрында Шәмші байқауының қорытындысы шықты

Сонымен қатар, Түркістан қаласының танымалдығын арттыру мақсатында семинарға қатысушыларды ежелгі шаһардың ерекшеліктерімен таныстырып, тарихи мағлұматтармен сусындатты.

Өзгелердің жаңалығы