Түркістанда мас күйінде көлік басқарған жүргізуші жауапқа тартылды

11 Қаңтар 2021, 14:38
1806
Бөлісу:
Түркістанда мас күйінде көлік басқарған жүргізуші жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама түскен. Ол ауыл  көшелерінің бірінде жол бойында қарға тығылып қалған көлік тұрғанын жеткізді. Көлік ішіндегі жүргізушісі мас болған. 

Ақпарат алысымен оқиға орнына Түлкібас АПБ Әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы полиция майоры Әлімжан Қарақұлов жетеді. Тәртіп сақшысы бірден қарға батып тұрған «Hyundai Accent» маркалы көлікті қызметтік көлігімен тартып шығарып алады. Содан жүргізушінің құжаттарын талап етеді. Алайда, егде жастағы жүргізуші полицейдің заңды талабына бағынбастан, қарсылық көрсетіп, түрлі әдепсіз сөздер айта бастайды. Полицейдің  қызметтік міндетін атқаруына кедергі келтіріп, құжаттарын бермейді, балағаттайды. Бұл жайттардың барлығы полицейдің бейнежетонына түседі.

Осылайша тәртіп сақшылары қарсыласып тұрған жүргізушінің көлігін айыптұраққа қояды. Оның «орта дәрежелі» мас халде екені анықталады. Полицейлер құқық бұзушының теріс әрекеттеріне байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» және 667-бабы  «Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери, полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» бойынша хаттамалар толтырады. Құжаттарды жинақтап, сотқа жолдайды, - делінген ақпаратта.

Түлкібас аудандық сотымен құқық бұзушының теріс әрекеттері толығымен дәлелденіп, соттың үкімімен жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабымен кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. 


Өзгелердің жаңалығы