Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өгем өзенінің бойынан жоғалған туристердің заттары табылды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін сағат 13:10-да Түркістан облысы Төле би ауданының Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған тұсынан 500 метр қашықтықта жоғалған туристердің заттары (жемпір, аяқ қиім, ұйықтауға арналған қап) табылды. ТЖМ құтқарушылары оларды полиция қызметкерлеріне табыстады. Туристердің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныды, - деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Қазіргі уақытта жоғалған екі туристті іздеу жұмыстары жалғастырылуда. Аймақта «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен аэровизуалды барлау жұмыстары жүргізілуде.
Іздестіру жұмыстары 15 тәулік бойы жалғасуда. Оған Түркістан облысы ТЖ, Полиция департаменттерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығынан, Өзбекстан Республикасы ТЖМ жеке құрамынан 137 қызметкер, 17 бірлік техника, 1 тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тоғыз бағытта жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жоғалған үш турист құтқарылып, екеуінің денесі табылған болатын.
Оқи отырыңыз: