Түркістан облысында жоғалған 7 туристің үшеуі табылды

28 Мамыр 2021, 13:06
2851
Бөлісу:
Түркістан облысында жоғалған 7 туристің үшеуі табылды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысында жоғалған жеті туристің үшеуі табылды.

Бүгін Қазавиақұтқару тікұшағымен әуеден барлау барысында Сайрам-Өгем шатқалында жоғалған жеті жігіттің үшеуі табылды. Олардың хал-жағдайы жақсы. Қалған туристерді іздестіру жұмыстары жалғастырылып жатыр, - деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының психологтары жоғалған жігіттердің туыстарына психологиялық көмек көрсетіп жатыр.

Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалған адамдардың туыстары, сондай-ақ Қазавиақұтқарудың екі тікшағы жұмылдырылды.

Кеше Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаев жоғалған туристерді іздеу үшін тікұшақ әуеге көтерілгенін айтқан болатын.

Еске сала кетейік, Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.

Белгілі болғандай, 21 мамыр күні сағат 8 уақыт шамасында 7 адамнан құралған бір топ турист таулы жорыққа шыққан.

Өзгелердің жаңалығы