Түркістан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде

14 Наурыз 2022, 19:45
1465
Бөлісу:
Түркістан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында су тасқынына қарсы қауіпсіздік жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Сарыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында су тасқыны бойынша жағдай бір қалыпты, тұрақты бақылауда.

Су тасқынының алдын алу мақсатында Түркістан облысында 1200 шақырымнан астам 680 арық, канал қоқыстан тазартылды. 61500 дана қап, 482 тонна инертті материал әзірленген. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жалпы 2065 адам, 400 бірлік техника, 6 қайық, 294 мотопомпа дайындыққа келтірілген.

«Қазгидрометтің» наурыз айына жасаған болжамында облыс аумағында жауын-шашынның түсуі айлық мөлшері – жазық аймақтарда 17-69 миллиметр, таулы аймақтарда – 70-103 миллиметр шамасында. Желдің соғуы секундына 15-20 метрді құрайды. Ауа температруасы +5 пен +16 градус аралығында болады, - делінген ақпаратта.

Тасқын суды қауіпсіз өткізу мақсатында 21 ақпан мен 20 наурыз аралығында арнайы жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Су қоймалары мен өзендердің су режиміне күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 45-50%-ды құрайды. Тасқын суларды қабылдауға жеткілікті орын бар. Дегенмен босаңсуға жол жоқ. Табиғат кез келген уақытта тосын мінез танытуы мүмкін.

Мәселені назарға алған Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдері мен төтенше жағдайлар саласының өкілдеріне қырағылықты сақтап, қауіпсіздікке баса мән беруді тапсырды.

 

Өзгелердің жаңалығы