Түркістан облысында рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс жиналды

28 Желтоқсан 2023, 21:52
451
Бөлісу:
Түркістан облысында рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс жиналды
Фото: BAQ.KZ - архив

Биыл Түркістан облысында рекордтық 3,3 миллион тонна көкөніс жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден асты, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік береді. Облыс басқа салаларында да жақсы өсу динамикасы байқалады. Түркістан облысының 2023 жылғы дамуы туралы толығырақ өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы бойынша ОКҚ еліміздің өңірлерімен бірлесіп қолға алған жобаның кезекті материалынан оқыңыздар.

Негізгі экономикалық көрсеткіштер

Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейту бойынша үлкен жоспарлары бар.

2023 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі қазірдің өзінде 758 миллиард теңгені құрады. Өсім негізінен сүт және тоқыма өнімдерін, сондай-ақ электр жабдықтарын өндіру есебінен болды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеден асты.

Бұл ретте, ағымдағы жылы облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1,4 есеге артты. 194 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биыл оның 39-ы іске қосылды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар да сенімді өсіп келеді. Тоқыма өндірісі 160,2%-ға, кокс пен мұнай өнімдері 119,7%-ға, басқа да металл емес минералды өнімдер 114,1%-ға, машина жасау 111,2%-ға, жиһаз өндірісі 140,3%-ға өсті.

Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінде 594 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 30,2 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылды.

Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы ахуал қалыптасқан. Осы жылы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мың бірлікке өсіп, 213 мыңды құрады. Жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам өнім өндірілді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары кәсіпорын табысының өсуіне тиімді әсер етеді. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы ағымдағы жылдың 10 айында бизнес субъектілері жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге 21,3 миллиард теңге алды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығымен (48,3%), сауда-саттықпен (23,3%), туризммен (20,3%) және өнеркәсіппен (6%) айналысады.

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды салаларының бірі

Жыл басынан бері салаға 88,5 миллиард теңге инвестициялар тартылды.

Өңірдегі АӨК дамытудың маңызды бағыттарының бірі жаңа технологияларды пайдалану болып отыр. 31 788 га жерде су үнемдеу технологиясы енгізілді. Ал «бір ауданнан жылына 2-3 өнім алу» жобасы суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.

Қарқынды бау-бақша көлемі 5405 га-ға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып отыр: шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинайды. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде болатын.

Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 га жетті. Сонымен қатар, 500 га жерге жаңа жылыжай салу жоспарда бар. Ал Сауран өңірінде көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталды.

Облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін игілікті көмекке айналды. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты.

2023 жылы іске қосылған жобалардың қатарында мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы, жылына 50 тонна балық өндіретін балық зауыты, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, «Cotton -2» мақта өңдеу зауытын, сондай-ақ құс етін өндіретін құс фабрикасын, 50 гектарға қарқынды алма бағын кеңейту бар.

Білім беру және денсаулық сақтау. Спорт және туризм

Түркістан облысы еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлердің бірі. Осыған байланысты балабақшалармен және мектептермен қамтамасыз ету аса өзекті.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында 2023-2025 жылдары облыста 63 мектеп салынады. Қазіргі уақытта 29 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 9 мектеп салынуда.

Ал бүгінгі күні құрылысы аяқталып, 1600 орындық 7 мектеп пайдалануға берілді, жеке инвестициялар есебінен 17 мектеп салынды.

Мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері толығымен шешілді.

Денсаулық сақтау саласында медициналық техникамен қамтамасыз ету деңгейі 84,21%-ды құрады.

Медициналық инфрақұрылымды жақсартуға да баса назар аударылуда. Биыл 14 объекті пайдалануға берілді, тағы алтауының құрылысы жоспарланып отыр.

Жақын арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тағы бір маңызды жобаны іске асыруға кіріседі. Бұл Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы бар заманауи медициналық кешеннің құрылысы. Бүгінгі күні нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жаңа объекті салу жоспарланып отыр.

Облыста спорттық дәстүрлерге қолдау көрсетіледі. Бірер ай бұрын облыс үшін бірегей объекті – Мұз айдыны пайдалануға берілді. Қазір штатты жасақтауға қаржы бөлініп жатыр. Нысанның бірегейлігі - Сарайдың алғаш рет салынуында. Бұл жастар үшін де, спортты жақсы көретін және белсенді өмір салтын ұстанатын әрбір адам үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады.

Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» республикалық жобасы аясында облыстың 16 елді мекенінде спорт инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуде.

Спорттық инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатынан бөлек жеке инвесторлардың қаржысы да тартылуда. Жыл басынан бері облыстың қалалары мен аудандарында жеке инвестициялар есебінен 29 объекті салынып, пайдалануға берілді.

Облыста туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта туристер саны екі есеге артты. Тарихи-танымдық туризм бағыты бойынша жыл басынан бері облысқа бір күндік сапарлар саны 868 мың адамды құрады.

Көлік және логистика, құрылыс және ТҮКШ

Көлік және логистика саласындағы маңызды оқиғалардың бірі «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысын бастау болып табылады. Жоба Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған. Оны іске асыру қолданыстағы Сарыағаш-Ташкент учаскесінен жүк ағынын қайта бағыттауға, Сарыағаш станциясындағы жүктемені азайтуға және экспорттық жүктерді тасымалдауды арттыруға мүмкіндік береді.

Сумен, энергиямен, газбен қамту мәселелеріне де назар аударылады. Жыл соңына дейін 20 елді мекенде жаңа ауыз су құбырларының құрылысы аяқталып, 11 елді мекенде тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті билік 52 елді мекенді газбен қамтамасыз ететін 63 объектінің құрылыс жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.

2023 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 250 миллиард теңгені құрады. 784 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға енгізілді. 2023 жылдың соңына дейін 59 тұрғын үй тапсырылады деп күтілуде. Нәтижесінде 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.

Түркістан облысының 2023 жылғы дамуының негізгі нәтижелері осындай. Өңір барлық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге ұмтылуда. Облыстың әлеуеті, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін, мәдениет, туризм салаларын дамытуда өте жоғары. Биыл басталған жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.

Өзгелердің жаңалығы