Түркістан облысында кеден бекеттері жаңартылуда

14 Қазан 2019, 20:02
1601
Бөлісу:
Түркістан облысында кеден бекеттері жаңартылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті шекаралық кеден бекеттердің аумағын кеңейту, толық қайта техникалық жарақтандыру және өткізу қабілеттілігін ұлғайту жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде айтылды. 

ҚР премьер-министрінің 2016 жылғы 30 сәуірдегі №32-Өкімі аясында Кедендік әкімшілендіруді оңайлату жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыста бірқатар кеден бекеттерінде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

"Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Түркістан облысы Келес ауданындағы транзиттік бағыттағы маңызы зор "Бауыржан Қонысбаев" кеден бекетін қайта құру жұмыстары басталған болатын. Бұл жоба іске қосылған кезде автокөліктердің кіріп-шығу жолақтары 2 ден 6 жолға дейін (3 жолақ кіру, 3 жолақ шығу бағыты) ұлғайып, бақылап-өткізу жұмыстары жеделдетіледі және тауар тасушы автокөліктерінің өту саны 200-ден 1000-ға дейін ұлғаяды. Жоспар бойынша құрылыстың аяқталу мерзімі  2020 жылдың мамыр айы", - деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Баян Тілегенқызы.

Жоспарға сәйкес, қайта құру жұмыстарының 1-ші кезеңі жүруде. Осыған орай, департамент тарапынан шекаралық кеден бекетіне баратын жолдарда жүк автокөліктердің шоғырлануын болдырмау мақсатында, аталған кеден бекеттен өтетін жүк тасымалдаушыларға облыстың басқа шекаралық кеден бекеттерінен өту туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шекаралық кеден бекеттерге баратын аймақтың маңызы бар жолдарда "Бауыржан Қонысбаев" кеден бекетінде құрылыс жүріп жатқаны туралы ақпараттық билбордтар орнатылған.

Сонымен қатар, жүргізушілер үшін департаменттің ресми сайты мен әлеуметтік желілерндегі парақшаларында "Бауыржан Қонысбаев" кеден бекетінде құрылыс жұмыстарының жүруі себебінен Түркістан облысында орналасқан "Атамекен", "Қапланбек", "Қазығұрт" кеден бекеттерінен өтуге болатындығы туралы ақпарат жарияланған. Сондай-ақ, департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде өткізу пунктерінде кезекте тұрған жүк автөкөліктерінің саны туралы ақпарат күнделікті екі рет хабарланады. 

Көшпелі брифинг аясында Сарыағаш ауданында орналасқан "Жібек жолы" кеден бекетіндегі жөндеу жұмыстары таныстырылды. Биыл қазан айының басында басталған әрлеу жұмыстары ай соңында аяқталмақ. Кеден бекетіндегі ғимараттарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. 


Өзгелердің жаңалығы