Түркістан қаласында су айдыны бар саябақтар салынуда

25 Сәуір 2021, 04:20
2261
Бөлісу:
Түркістан қаласында су айдыны бар саябақтар салынуда

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында бүгінгі күні ең үлкен саналатын жасанды көлдің құрылысы аяқталды. Жалпы аумағы 40 га жуық жерде орналасқан Тұңғыш Президент саябағында салынған су айдынының сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық.

Аймақ басшысының тапсырмасымен облыс сәулетшілері жаңа су арнасының жобасын аяқтады. Жоба аясында Түркістан қаласында ұзындығы 9 шақырымды құрайтын жаңа су арнасы салынады. «Кеңсай – Қосқорған» су қоймасынан келетін ағын су «Тұңғыш Президент саябағы» мен қала іргесіндегі аттракциондар паркіне дейін созылатын каналға келіп құяды.

Жақында Түркістан қаласында бірнеше жаңа саябақ ашылып, пайдалануға беріледі. Туристер мен тұрғындар саябақтардың аумағында демалып, көл жағалауында серуендей алады. Солардың бірі – қала іргесіндегі 28 га жерде орналасқан «Дендросаябақ». Сыйымдылығы 200 мың текше метрден асатын жасанды көл 4,5 гектар аумаққа жайғасады. Су айдыны Бөген су қоймасынан келетін Арыс – Түркістан каналы арқылы қамтамасыз етіледі, – делінген әкімдіктің ресми хабарламасында. 

Сонымен қатар, Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы салынуда. Жаңа халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасқан. Су айдынының ұзындығы – 2,5 шақырым, ені 125 метр. Каналдың тереңдігі 4 метр. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы жүріп жатқан спорттық кешендері бар ескек есу каналының Казақстанда баламасы жоқ. Халықаралық талапқа сай олимпиадалық орталық өңірде қолайлы микроклимат қалыптастырып, сәулеттік көркін келтірумен қоса, туризм саласын дамытуға сеп болмақ. Спорт кешенінде қонақүйлер, веложолдар, бассейндер, эллинг, каноэге арналған жағалаулар, көпір және тағы басқа нысандар орналасады.

 

 

Өзгелердің жаңалығы