Мәжіліс депутат Ринат Зайытов Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруге қатысты заң жобасының нормаларын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біріншісі, Түркістан облысының әкімдігіне. Осы заңның аясында дизайн код деген сөздің қаупі бар екенін комитетте де айтқанбыз. Заңда "жергілікті билік дизайн кодты бекітеді деп"жазылған. Алматыда осы дизайн код бойынша сәтсіз тәжірибе болған. Ертең дизайн код деген желеуді пайдаланып, жұрттың кәсібін, бастамаларын дизайн кодқа сай емес деп, өзінің жеке мүддесіне тартып алуға әрекет жасалмайтынына қандай тетіктер қарастырылған? Түркістан қаласындағы сәулетті ғимараттар жалға сенімгерлікке беріп тастау туралы заңның аясында осындайларға тоқтау салуға тетіктер қарастырылды ма? – деді депутат.
Ол заңда өзі түсінбейтін көп нәрсе бар екенін айтты.
Бәлкім, дұрыс оқымаған шығармын. Түркістан қаласының елтаңбасы болады дейді. Менің түсінігімде елтаңба деген Қазақстанда біреу-ақ. Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма? Осы жерін анықтап беріңіз. Содан кейін сіздердің заңдарыңызда бір керемет сөз бар екен. Мен бұрын-соңды естімеген. Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты тұрақты инспекциялауға, сосын озыңқы күтімге деген не деген сөз? Екінші бапта мынандай сөз бар. Тарихи-мәдени рухани объектілердің киелілігін сақтау деген не ұғым бұл? Қалай сақтаймыз киелілікті? Кие деген Құдайдан келмеуші ме еді, - деп сынады депутат Зайытов Мәжілісте.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс әкімдігі жанында арнайы қала құрылысы жөнінде көркемдік кеңес бар екенін айтты.
Кез келген мәселе осы кеңесте тиісті заңдылыққа сәйкес шешім қабылданады. Түркістан қаласында бірқатар нысандар сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. Бұл нысандарды алған азаматтар бірқатар міндеттемелерді атқарады. Біріншіден, сол мекеменің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, азаматтардың айлық жалақысын төлейді. Үшіншіден, мемлекетке тиісті салық төлейді. Төртіншіден, табысының белгілі бір бөлігін жергілікті бюджетке құяды. Осындай міндеттемелер бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, - деп айтты әкім орынбасары.
Ал Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Түркістанға елтаңба емес, нышан берілетінін айтып түсіндірді.
Қазақша атауларға келетін болсақ, бұл жерде әрине синоним сөздер де болуы мүмкін. Мұнда "елтаңба" деген сөз жоқ, "нышан"деген сөз бар. Ол қаланың нышаны, яғни эмблемасы. Ал "киелілікті сақтау"ол заң жобасында оның маңыздылығын атап өту үшін жасалған деп ойлаймын. Түркістан киелі жер, онымен ешкім дауласпайды. Осыны қағидат ретінде ала отырып, қалаға неге ерекше мәртебе беріп жатырмыз. Оның басты себебінің бірі – Түркістанның еліміздің рухани өміріндегі орны ерекше. Қазір уақыт бар, егер сөздерді ауыстыру керек болса, біз дайынбыз, - деді ол.
Ол екінші оқылымда министрлік пен тіл комитетімен бірге тиісті синоним сөздермен ауыстыруға болатынын айтты.
Айта кетейік, Мәжілісте Түркістан қаласына қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатуға және оны ішуге тыйым салуды ұсынды. Қалада тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысан салуға рұқсат етілмеуі мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екені де айтылды.