Туризмді дамыту бойынша халықаралық форум басталды

15 Қыркүйек 2023, 17:23
914
Бөлісу:
Туризмді дамыту бойынша халықаралық форум басталды

Ақтауда Қазақстан Республикасында туризмді дамыту бойынша халықаралық форум басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауқымды іс-шараға мемлекеттік органдар, турбизнес, салалық бизнес-қауымдастықтар, қаржы және банк құрылымдары, авиакомпаниялар мен тасымалдаушылар, дипломатиялық миссиялар өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Форумға барлығы 30 елдің делегаттары қатысады.

Форум аясында «Халықаралық ашықтық және ілгерілету», «Туризм саласына инвестициялар» және «Өңірдегі туризмді дамыту» тақырыптары бойынша панельдік талқылаулар өтеді, онда сала мамандары мен сарапшылары баяндама жасайды.

Отырыстан кейін B2B-сессияларды өткізу, келіссөздер жүргізу және келісімдерге қол қою үшін алаң ұйымдастырылады.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елімізде туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті дамытуға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

Туризмді дамыту бойынша халықаралық форум басталды

2019 жылдан бастап жалпы сомасы 437 млрд теңгеге 400-ден астам инвестициялық жоба іске қосылды.

Биыл 288 миллиард сомаға 115 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 14 мыңнан астам төсек-орын және 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашады.

Министр 2023 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 3,1 млн.адамды құрағанын және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 400 мыңға өскенін айтты. Жыл қорытындысы бойынша ішкі турист саны 9 млн-ға жетеді деп болжануда. Шетелдік туристер саны 1,8 есе өсіп, бұл көрсеткіш 500 мыңнан астам адамға жетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристердің саны 1,4 млн-нан асады деп болжануда.

Біз саланы дамытудың жаңа кезеңінің қарсаңында тұрмыз. Сондықтан бүгін біз үшін жергілікті туристік қоғамдастықпен және шетелдік әріптестермен кейбір негізгі мәселелерді талқылау маңызды. Барлық айтылған идеяларды, ұсыныстарды, сұрақтар мен бастамаларды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ әріптестеріміз тіркейтін болады, ал қатысып отырған салалық органдар мен әкімдіктердің өкілдері өз пікірлерін бере алады. Бүгінгі іс – шара нәтижесінде туризмді одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға ниеттіміз, - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Өзгелердің жаңалығы