Туризм, сауда және білім: Қазақстан-Қытай байланысы

6 Қаңтар 2025, 16:50
305
Бөлісу:
Туризм, сауда және білім: Қазақстан-Қытай байланысы
Фото: автордан

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестігі нығайып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дипломат атап өткендей, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай дипломатиялық қарым-қатынастарының 33 жылдығын атап өтеді. Екі ел арасындағы байланыстар соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп, сауда, экономика, мәдениет және халықаралық ынтымақтастық салаларында айтарлықтай жетістіктерге жетті.

2024 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп, Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барып, Боао Азия форумына қатысқан болатын. Бұл кездесулер екіжақты байланыстарды нығайтып, стратегиялық әріптестікті дамытуда маңызды рөл атқарды, - деді Қытайдың жаңа елшісі.

Оның сөзінше, экономикалық саладағы серіктестік ерекше қарқынмен дамып келеді. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $40,07 млрд-қа жетіп, 8,7%-ға өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі мәртебесін сақтап қалды. Сонымен қатар, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында бірқатар маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытының және Қытай-Қазақстан шекарасының үшінші теміржол өткелінің құрылысы жеделдетілуде.

Энергетика, логистика, өндіріс және цифрлық экономика салаларында да ынтымақтастық тереңдеуде. Қос ел жаңа технологиялар мен жасыл энергияны дамытуда бірлескен жобаларды қолға алуда.

Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да айтарлықтай күшейді. Екі ел арасындағы визасыз режим халықтардың өзара қарым-қатынасын жеңілдетіп, туризмнің дамуына жол ашты. 2024 жылы Қытайға 550 мыңнан астам қазақстандық турист барып, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 50%-ға артты. 2025 жылы Қазақстанда “Қытай туризмінің жылы” өтеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар екі ел арасында білім беру саласында ірі жобалар іске асып келеді. Қазақстанда Қытайдың мәдени орталықтары мен білім беру мекемелері ашылып, студенттер мен зерттеушілер арасындағы алмасу бағдарламалары кеңеюде. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Қытайдың “Лу Бань шеберханасы” табысты жұмыс істеп жатыр, - деп айтты Хань Чуньлинь.

Қытай елшісі айтқандай, Қытай мен Қазақстан халықаралық аренада да тығыз әріптестік орнатып келеді. БҰҰ, ШЫҰ, және “Қытай-Орталық Азия” платформалары аясында екі ел өзара түсіністік пен қолдау негізінде бірлескен бастамаларды іске асыруда. Қазақстан Қытайдың “Бір Қытай” саясатын қолдап, Тайвань мәселесіне қатысты ұстанымын нақты білдірсе, Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын берік қолдайды.

Қытай мен Қазақстанның бірлескен жобалары халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып жүр. 2024 жылы Астанада өткен ШЫҰ саммиті аясында бірқатар маңызды келісім жасалып, аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды.

Қытай мен Қазақстан басшылары екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін алдағы уақытта саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді. Екі ел халықтарының игілігі үшін өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру жалғаса береді. Қытай мен Қазақстан арасындағы достық мәңгі жасасын!, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы