Туристер Семей ядролық полигонын виртуалды тамашалай алады

11 Қазан 2022, 22:12
896
Бөлісу:
Туристер Семей ядролық полигонын виртуалды тамашалай алады

Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың радиациялық қауіпсіздік және экология институты жанындағы музейде осы мақсатта интерактивті карта дайындалған, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Ал стратегиялық нысанды көзбен көру үшін арнайы рұқсат қажет. Айта кетейік, өткен жылдан бастап полигон аумағының біршама бөлігі қауіпсіз деп танылған болатын. 

Бүгінде 40 жыл бойы жарылыстан көз ашпаған Семей даласындағы қасіретті мекенді қызықтағысы келетіндер аз емес. Бұрын тіпті Курчатов қаласының өзі картада көрсетілмесе, қазір бұрынғы ядролық сынақ полигоны аумағын кез келген адам кедергісіз тамашалай алады. Әрине, тек виртуалды түрде.

Туристерге 3D саяхат жасатамыз. Өйткені кез келген адам Семей полигоны аумағындағы барлық нысандарды көре алмайды. Ал 3D саяхат арқылы тәжірибе алаңын, сынақ жасалған жерлерді және Атом көлін тамашалауға болады, – деді Оқу-ақпараттық орталығының ақпараттық тобының жетекшісі Айсұлу Омарханова.

Интерактивті картада институт қызметкерлерінің зерттеуі нәтижесінде табылған тың мәліметтер ұсынылған. Бұл әзірге тек музейге келушілерге ғана қолжетімді. Алайда жақын арада арнайы веб-сайт іске қосылмақ. Ал ең алғаш рет бомба жарылған аумақты көру үшін арнайы рұқсат керек. Орталық мамандарының айтуынша, мұнда келетін туристер қатары сирек.

Біздің радиологиялық зерттеуіміздің басты нәтижесі – сынақ жүргізілген 18 мың шаршы метрден астам аумақтың толық зерттелуі. Ерекше айтқымыз келетіні, полигонның көлемін қысқартуға болады. Қалған жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға мүмкіндік бар, – деді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.

Айта кетейік, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағы 100% зерттелген. Оның жартысы, яғни 9 мың шаршы шақырым жер қауіпсіз деп танылған.

Өзгелердің жаңалығы