Туристер мінген лайнерде қауіпті вирус тарап, үш адам қайтыс болды

Дәрігерлер инфекцияның кеме ішінде таралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

 AFP/Getty Images Бүгiн 2026, 11:16
Бүгiн 2026, 11:16
58
Фото: AFP/Getty Images

Атлант мұхитында MV Hondius круиз лайнерінде сирек кездесетін хантавирус инфекциясының таралуы салдарынан 3 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.

Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған кеме жол-жөнекей шалғай аралдарға тоқтайтын экзотикалық круиз жасап жатқан. Алайда туристердің жоспарын қауіпті вирус бұзды.

Алғаш болып өткір респираторлық ауру Нидерландтан келген 70 жастағы ер адамнан анықталған. Ол кеме бортында қайтыс болды. Оның денесі Әулие Елена аралына жеткізілген. Марқұмның 69 жастағы жұбайы да дерт жұқтырып, ауыр хәлде Йоханнесбург қаласындағы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Хантавирус құрбандарының қатарын тағы бір жолаушы толықтырды. Ал 69 жастағы Ұлыбритания азаматы қазіргі уақытта Оңтүстік Африка Республикасында жансақтау бөлімінде жатыр. Онда зертханалық түрде хантавирус анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, инфекция лайнер ішінде таралып жатқан болуы мүмкін: расталған жағдайлардан бөлек, тағы бірнеше адамда осы дертке күдік бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, хантавирус ауыр респираторлық ауруларға әкелуі мүмкін. Ал АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегіне сәйкес, бұл вирус кей жағдайда ауыр, тіпті өлімге әкелетін өкпе инфекциясын – хантавирустық өкпе синдромын туындатуы ықтимал.

ДДСҰ өкілдері хантавирус инфекциясы адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін, бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездесетінін мәлімдеді.

Наверх