Туристер көшпенділердің ежелгі тарихына қызығушылық танытуда

14 Наурыз 2019, 15:11
2673
Бөлісу:
Туристер көшпенділердің ежелгі тарихына қызығушылық танытуда

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың соңғы 9 айында Алматыға 786 мың турист келген. Келушілер саны алдыңғы жылғыға қарағанда 11% артып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының жетекшісі Мақсат Кикимов Қазақстан мен Орталық Азиядағы туризмді дамытуға арналған конференция барысында айтты.

Жиын барысында ол, Алматы қаласының әлеуетіне тоқталып, қалаға келуші туристердің санын баяндады.

«Қазіргі таңда Алматы Орталық Азиядағы дамыған шаһарлардың бірі. Алматы агломерациясының жұртшылығы 2,8 млн адамды құрап отыр. Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, 2035 жылға қарай қала халқы екі есеге өседі деп күтілуде. Елбасының жүйелі қолдауының арқасында Алматы экономикасы тұрақты, бизнес қала ретінде қалыптасты. Тәуелсіздік алғаннан бері шаһардың экономикасы 100 есеге өсті, халықтың табысы 21 есе артты. Қазіргі таңда қаладағы жалпы өңірлік өнім адам басына шаққанда шамамен 20 мың доллар. 2018 жылдың соңғы 9 айында Алматыға 786 мың турист келген. Келушілер саны 11% артқан, яғни 2017 жылы Қысқы Универсиада ойындары мен EXPO-2017 көрмесін өткізгенге қарамастан 2018 жылы қаламызға келушілер қатары көбейген»,-дейді ол. 

Сонымен қатар ол, туристерді көптеп тарту үшін қалада бірқатар шаралар іске асырылып отырғанын жеткізді.

«Бүгін Алматы туристерді тарту орталығына айналып отыр. Инфрақұрылымы жақсы дамыған мың бір бояулы қаламыз туристердің табиғатта демалуына жағдай жасауда. Көркем таулары мен Алтын емел, Шарын, Қайынды, Көлсай сияқты Алматы облысының керемет нысандары да жақын орналасқан. Қаламызда 265 қонақүй, 2,5 мыңдай кафе мен мейрамхана және 130-ға жуық саябақ бар. Сондай-ақ 19 театр, 20 музей, 14 сурет галереясы бар»,-деді М. Кикимов. 

Конференция барысында ол, Елбасының тапсырмасымен спорт, мәдениет, медицина және экотуризм бағытында Үкіметпен бірлесіп дамыту жоспары жасалып жатқанын да жеткізді.

«Қала – адамдар үшін» тұжырымы бойынша халықаралық стандартпен тарихи орталықтардың 60% жаңарды. Осы жылы оны 90 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Этнотуризмге тоқталып өтсем, қалаға келушілерді әсіресе көшпенділердің ежелгі тарихы қызықтырады. Осыдан үш жыл бұрын ЮНЕСКО бастамасымен Алматы өзінің мыңжылдығын атап өтті. Агломерациядағы төрт нысан ЮНЕСКО мұрасына енді. Олар тамғалы петроглифы, Талхис, Қойлық және Қарамерген көне қалалары»,-дейді ол.

Сөз арасында ол, қала басшылығы таушаңғы туризмін дамытуға көп көңіл бөліп отырғанын айтып өтті. Өйткені бұл туризмнен түсетін табыс жағажай туризміне қарағанда анағұрлым жоғары көрінеді.

«Өткен жылы Медеу мен Шымбұлаққа 600 мың адам келген. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, таушаңғы туризмі жағажай туризміне қарағанда 5 есе көп кіріс әкелетінін көрсетіп отыр. Мәселен, жағажай туристі тәулігіне 50 доллар төлесе, таушаңғы туристі 250 доллар жұмсайды»,-деді басқарма жетекшісі.

Әділет Мұсақаев

Өзгелердің жаңалығы