Түрікменстан RES 2026 саммитінде өңірге қатысты ұсыныс жасады

Түрікменстан президенті RES 2026 саммитінде өңірлік су саясаты мен экология мәселесін көтерді

Бүгiн 2026, 14:45
АВТОР
 Ақорда Бүгiн 2026, 14:45
Бүгiн 2026, 14:45
120
Фото: Ақорда

Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедов Астанада өткен RES 2026 экологиялық саммитінде трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану мәселесіне тоқталып, өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, Орталық Азия елдері бүгінде су тапшылығы, жердің тозуы, шөлейттену және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты күрделі экологиялық сын-қатерлерге тап болып отыр.

Біз трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесін үш негізгі қағидатқа сүйене отырып қарастыруымыз керек. Біріншіден, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді қатаң сақтау қажет. Екіншіден, барлық мемлекеттің мүдделері тең дәрежеде ескерілуі тиіс. Үшіншіден, бұл үдеріске халықаралық ұйымдар, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы белсенді қатысуы қажет, - деді Сердар Бердымұхамедов.

Ол су ресурстарын бірлесіп басқару үшін өңірлік деңгейде арнайы құрылым құруды ұсынды.

Орталық Азия елдерінің су ресурстарын пайдалану мәселелері бойынша өңірлік кеңес құруды ұсынамыз. Бұл құрылым күш-жігерді үйлестіруге мүмкіндік береді, - деді президент.

Бердымұхамедов Каспий теңізі экологиясын қорғау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, теңіздегі экологиялық тепе-теңдікті сақтау - барлық прикаспий елдері үшін ортақ міндет.

Сондай-ақ ол Арал теңізі проблемасының маңызын атап өтті.

Аралды құтқару - аймақ елдерінің ортақ жауапкершілігі. Бұл бағытта Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы жұмысты күшейту қажет, - деді ол.

Президент экологиялық мәселелерді шешуде ашық диалог пен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.

Наверх