Тұрғындардың денсаулығы – мемлекет дамуы мен өркендеуінің арқауы

23 Маусым 2023, 10:40
947
Бөлісу:
Тұрғындардың денсаулығы – мемлекет дамуы мен өркендеуінің арқауы
Фото: Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасынан

Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласының даму динамикасы жыл санап артып келеді. Ауқымды жобалар мен жүйелі бастамалар саланың алға жылжуына септесіп, өңір халқының сапалы медициналық көмек алуына жағдай туғызуда. Осы орайда Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовпен BAQ.kz тілшісі сұхбаттасқан еді.

–Олжас Ермекұлы, соңғы уақытта аймақ дәрігерлері күрделі оталарды облыс орталығында-ақ жасап жүргенін білеміз. Бұл орайда нәтиже көңіл көншіте ме?

– Медицина қызметкерлері жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде машықтанып жатқаны рас. Бүгінде диагностика мен емдеудің инновациялық, бірегей әдістері – жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік алдық. Озық технологияларды меңгеру тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға септігін тигізетіні анық.

Бүгінгі таңда облыста жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету, оның ішінде күрделі оталар жасау қарқынды түрде дамуда. Мысалы, күрделі ота жасайтын медицина ұйымының бірі – көпбейінді облыстық ауруханасы. Өткен жылы жалпы ота саны 6485-ке жетіп, хирургиялық белсенділік өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға жоғарылаған.Сәтті өткен оталар қатарында аортокоронарлық шунттау, ишемиялық инсультке арналған тромбоаспирация, буындардың эндопротездеу секілді оталарды ерекше атауға болады.

Сондай-ақ, биыл травматология бейіні бойынша үлкен жіліншік сүйегінің түзетуші остеотомиясы,тізе буындарын ревизионды эндопротездеу,жамбас буыны ревизиясы енгізілді. Ал нейрохирургия бейіні бойынша экстраинтракраниальды микроанастомоз енгізілсе, рентген эндоваскуляр бейіні бойынша ишемиялық инсульт кезінде Penumbra системасымен тромбоаспирациялау енгізілді.Оған қоса, заманауи медициналық әдіс-тәсілдер арқылы омыртқа жотасына ота жасау жоспарлануда.

– Есіңізде болса, бұған дейін облыс әкімі Н.Нәлібаев ана мен бала өлімінің көбеюін сынап, саланың салғырттығын атаған болатын. Бүгінде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ана мен бала денсаулығын сақтау – басты назарда. 2023 жылдың 5 айында ана өлімі екі есе, сәби өлімі өткен жылмен салыстырғанда 37,4%-ға азайған.

Апта сайын басқарманың штаб отырысында ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмек бойынша талдау жүргізіледі. Аудандық, қалалық медициналық ұйымдарға ана мен бала денсаулығын қорғау саласы бойынша медициналық көрсетілетін көмектің сапасы тексеріліп, мониторинг жүргізіліп отырады. Республикадан арнайы мамандар шақыртылып, тәжірибелік көмек, семинар, мастер-кластар жиі ұйымдастырылуда. Өңірге аса қажетті мамандар бойынша 131 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалып, өткен жылы 78 дәрігер жұмысқа қабылданды. Оның ішінде акушерлік және балаларға көмек көрсететін медициналық ұйымдарға 1 акушер-гинеколог, 4 педиатр, 8 анестезиолог-реаниматолог бар.

Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын қорғау бағыты бойынша біліктілікті арттыру мақсатында өткен жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 278 дәрігер, 120 орта буын қызметкері, медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен 198 дәрігер, 374 орта буын қызметкері оқытылды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Түркияның жетекші клиникасына акушер-гинеколог, реаниматолог, неонатолог сынды 3 маманбіліктілігін арттыруға және инновациялық практикалық дағдыларды игеруге жіберілді.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 88 млн. теңге бөлінді. Аталған қаржының барлығы ана мен бала денсаулығын сақтау саласы мамандары үшін жұмсалатын болады.

Айта кетерлігі, босандыру ұйымдарының медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы - 84%-ды құрайды. Балалар стационарларының жарақтандырылуы - 82%-ға жетті.2022 жылы босандыру ұйымдары мен балалар ауруханасына 433 млн теңге көлемінде медициналық құрал-жабдықтар алынды.

Бүгінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасы 200 төсек орынға арналғанымен, 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Осыған орай, бұрын-соңды облыста болмаған көпбейінді қалалық балалар ауруханасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ,аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік босану бөлімшесін ашылмақ. Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес 200 төсектік перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып, нысан құрылысына 3,7 га жер учаскесі бөлінді.Қазіргі таңда медициналық ұйымдарды техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге қарастырылып, оның 72%-ы ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталуда.

– Биыл аймақта қанша денсаулық сақтау нысаны бой көтереді? Материалдық-техникалық базаны жаңарту қолға алынды ма?

– Бүгінде Сыр өңірі денсаулық сақтау саласының дамуында едәуір серпін бар. Алдағы екі жылда аймақта 27 денсаулық сақтау нысаны «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы, қазірдің өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауында заманауи облыстық қан орталығының, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Ауылдық елді мекендердегі қызмет сапасын арттыру мақсатында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханаларын көпбейінді аурухана деңгейіне көтеру бағытында жаңа бөлімшелер ашылып, оларды ангиограф, КТ, МРТ секілді аппараттарымен жабдықтауға басымдық берілуде.

Аймақ басшысының қолдауымен облыстық онкология орталығын жаңа ғимаратқа көшіру, облыстық көпбейінді аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесін ашу және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 150 орындық көпбейінді қалалық балалар аураханасын ашу мәселесі оң шешім табуда. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан 15 төсектік лор бөлімшесі ашылды.

Аймақтағы жеткен жетістікте алтын жүректі дәрігерлердің әрқайсының маңдай тері, ерен еңбегі, жоғары жауапкершілігі жатыр.Адамгершілік пен ізгілік мұраттарына қызмет еткен дәрігерлері бар да Сыр медицанасының абыройы әрдайым биік болатынына сенім мол.

– Облыста медицина мамандарының тапшылығы сезіле ме?

Қазіргі таңда облыс халқына үш мыңға жуық дәрігер, он мыңнан астам орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді.

Облыс тұрғындарының медицина қызметкерлерімен қамтылуы бойынша өңіріміз Республика бойынша алдыңғы қатарда.

Салада дәрігер-мамандар тапшылығы жылдан жылға азаюда. Көпбейінді аурухана болып қайта құрылуына және қала орталығында қалалық орталық емхананың ашылуына байланысты дәрігер тапшылығы 2023 жылдың 1 сәуіріне 126-ны құрап отыр.

2021 жылы 84 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 24-і елді мекендерге жолданса, 2022 жылы 78 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 17-сі елді мекендерге жолданды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірде мамандар тапшылығын азайту, мамандарды тарту және тұрақтандыру мақсатында жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда.

2017-2022 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпытәжірибелік дәрігерлерді даярлауға - 147, тар буынды мамандарды резидентурада даярлауға - 131 облыс әкімінің гранты бөлінді. Одан бөлек, жас макмандарға республикадан бөлінетін әлеуметтік себетпен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 АЕК көлемінде бірмезеттік көтермеақы берілуде (2021 жыл - 20, 2022 -39, 2023 жылға -20). Бұл шаралар өз кезегінде 2026 жылдан бастап саланы аймақтық дәрігерлермен толық қамтамасыз ету жоспарда бар.

– Тегін дәрі-дәрмекпен қамту ісі қалай жүргізілуде?

– Тегін дәрі-дәрмекпен қамту, амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсету министрліктің арнайы бұйрығынегізінде жүйеленген. Мысалы, Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз ету «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» ҚРДСМ-ның 2023 жылғы 9 қаңтардағы №3 бұйрығымен бекітілген дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесіне сәйкес республикалық қаржы есебінен жүзеге асырылады.

Сирек кездесетін ауру түрлерімен ауыратын жаңа науқастардың анықталуы және ауруды емдеуде Тізбемен бекітілген тегін берілетін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдармен емделу кезінде базалық емнің немесе бірінші кезектегі терапия тиімсіздігі, базистік иммуносупрессивті терапияның тиімсіздігінен, пациенттерге ұлттық медицина орталықтарынан тиімділігі дәлелденген жаңа препараттардың ұсынылуы, ауру жағдайына қарай, өмір сапасын жақсарту және ұзарту үшін медициналық бұйымдарға, арнайы тағам өнімдеріне, гигиенаға арналған заттарға сұраныс туындауы, өнімдер бағаларының қымбаттауы, облыстық мәслихатының шешіміне жаңа нозология түрлерінің немесе дәрі-дәрмектердің енгізілуі себептерінен жылдан жылға дәрі-дәрмектердің қажеттілік көлемінің, тиісінше қаржы көлемінің ұлғаюы, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

2022 жылы 16 орфандық аурулары бар науқастарды емдеу үшін дәрілік заттар сатып алуға облыстық жергілікті бюджет есебінен 345,9 млн. тенге қаржы қаралып, 412 (135 бала және 276 ересек) тұрғындар 315,4 млн. теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілсе, 2023 жылға 21 ауру түрлері бойынша 664 млн. теңге қажеттілік көлемі артқан.

Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілу тізбесіне енгізілмеген ауру түрлерімен ауыратын науқастарды амбулаториялық емдеу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша қамтамасыз ету жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылуда.

– Қызылорда облысы тұрғындарында жиі кездесетін ауруларды анықтауға арналған мониторинг жүргізіле ме? Көрсеткішпен бөліссеңіз...

Қызылорда облысы бойынша 2023 жылыдың 5 айының қорытыныдысымен ең жиі таралған аурушаңдылық бойынша 1-орында тыныс алу жолдарының аурулары 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш – 5418,3, 2-орында ас қорыту жүйесінің аурулары көрсеткіш – 2098,6, 3-орында несеп-жыныс жүйелерінің аурулары – 1639,6.

Сонымен қатар, әртүрлі аурулардың ерте сатысында дамуын, сондай-ақ олардың пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын анықтау және олардың алдын алу мақсатында клиникалық симптомдары мен шағымдары жоқ халықты медициналық тексеру кешені Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тиістібұйрығына сәйкес жүргізілуде.

Атап айтқанда:

1. 30-70 жастағы артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, онкологиялық патология бойынша скринингтік зерттеулерден өтетін әйелдер мен ерлер;

2. Артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер;

3. Глаукомамен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер;

4. Жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы әйелдер;

5. Сүт безінің қатерлі ісігімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы әйелдер;

6. Жуан ішектің қатерсіз және қатерлі ісігімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 50-70 жастағы ерлер мен әйелдер

– Аймақта балалар арасында қант диабеті көбейді деген ақпар тарауда. Бұл мәлімет шындыққа жанаса ма?

– Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Қызылорда облысы бойынша 210 қант диабеті 1 тип диагнозымен 18 жасқа дейінгі балалар есепте тұрады. Қант диабеті 1 тип диагнозымен жыл сайын 18-20 балаға дейін алғаш анықталып отыр.

Қазіргі таңда қант диабетінің заманауи еміне инсулинді үздіксіз тері астына енгізу терапиясы, яғни помпа терапия қолданылады.

«Медициналық портал» жұмысына наразы халық көп. Басым дені кезек пен уақыт ұзақтығын сынға алады. Бұл бағыттағы олқылықты түзетуге қандай шаралар қабылдануда?

– Қызылорда облысында 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жалпы тәуліктік стационарда 50 246 науқас стационарлық ем алса, оның 18 841-і, яғни, 36,5% жоспарлы түрде емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ем алған. Өткен жылдың сәйкес кезінде жоспарлы түрде 15 572 науқас стационарлық ем алған, яғни ағымдағы жылы жоспарлы түрде ем алған науқастар саны 3271-ге артқан. Бұл дегеніміз жоспарлы түрде, емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы науқастардың стационарлық емге жатқызу көрсеткішінің жыл сайын артып жатқанын көрсетеді.

«Қазақстан Республикасында стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету стандартын бекіту туралы» ҚРДСМ-ның 2022 жылғы 24 наурыздағы №ҚР-ДСМ-27 бұйрығына сәйкес, пациентті денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырылады. Алғашқысы жоспарлы тәртіппен, яғни медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының немесе басқа денсаулық сақтау ұйымының жолдамасы бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, шұғыл көрсетілімдер бойынша жолдаманың бар-жоғына қарамастан жүзеге асырылады.

Жолдаманы Порталда тіркей отырып, жоспарлы емдеуге жатқызу пациенттің денсаулық сақтау ұйымын еркін таңдау құқығын ескере отырып, емдеуге жатқызудың жоспарланған күнін айқындау МСАК маманының немесе басқа денсаулық сақтау ұйымының жолдамасы бойынша автоматты түрде айқындау жолымен жүргізіледі.

Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы үндеулерінде азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Қазақстанда Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде азаматтардың медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы іске асырылды.2010 жылдан бастап республикада «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы – компьютерлік бағдарлама жұмыс істейді, оның көмегімен жоспарлы ауруханаға жатқызу процесі жүзеге асырылады. Порталдың барлық мәліметтері дәрігерлерге де, пациенттерге де ашық.

Емдеуге жатқызу бюросының негізгі мақсаты бұл - азаматтардың медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жоспарлы емдеуге жатқызудың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету.

Тәулік бойы стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны тұратын жеріне және тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігіне ие болады. Еркін таңдау қағидатының арқасында медициналық ұйымдар Алматы мен Астанадағы ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының клиникаларында медициналық көмек ала алады.

Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы пациент алдағы үш күнге республика бойынша кез-келген стационардағы бос койкалар туралы ақпарат ала алады. Егер пациент дәрігерден емдеуге жатқызуға коды бар жолдама алған болса, онда ол өңірлік және республикалық клиникалар бойынша ағымдағы күту парағын қарап, өз кезегін бақылай алады.

Жоспарлы емдеуге жатқызу үшін науқас тұрғылықты жері бойынша емханаға барады. Егер жай-күй шұғыл емдеуге жатқызуды қажет етпесе, бірақ сонымен бірге емдеу стационарлық ұйымда көрсетілсе, онда емхана деңгейінде дәрігер емдеуге дейінгі тексеруді тағайындайды және науқасқа оның ауруының бейініне сәйкес жоспарлы емдеуге жатқызу үшін стационарды таңдауды ұсынады. Пациенттің таңдауы бойынша дәрігер емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы іріктелген стационарларда аурудың бейініне сәйкес бос орындардың бар-жоғын нақтылайды. Стационарда орын болған жағдайда дәрігер порталы арқылы пациентті жоспарлы ауруханаға жатқызуға мәлімдейді және пациентке автоматты түрде жеке код беріледі. Стационар Порталға өтініш тіркелген күннен бастап 2 күн ішінде жоспарлы ауруханаға жатқызудың алдын ала күнін айқындайды. Стационарға жатқызылған күнді анықтағаннан кейін емхана дәрігері пациентке талон береді, онда автоматты түрде берілген жеке код көрсетіледі. Осы код бойынша онлайн режимінде ауруханаға жатқызуға арналған кезегінді қадағалауға болады. Сондай-ақ, емхана дәрігері жоспарлы ауруханаға жатқызуға жолдама жазады. Емдеуге жатқызуға, жолдамаға, тестілер мен диагностикалық зерттеулердің нәтижелеріне талонмен пациент өз таңдауы бойынша стационарға жатқызылады. Науқас жолдамада көрсетiлген мерзiмде ауруханаға жатқызуға келуге мiндеттi.Пациент келмеген жағдайда, өтінім күшін жояды.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасының аймақта жүзеге асырылу жайы қалай?

– Иә, өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты–қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу.

Биыл«Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы бойынша аймақ тұрғындарына 274 квота беріліп отыр. 2015 жылы – 34, 2016 жылы – 35, 2017 жылы – 38, 2018 жылы – 38, 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 44, 2021 жылы – 281, 2022 жылы – 277 квота берілген еді.

2021 жылы аймағымызға бөлінген 281 квота өткен жылдың қараша айына дейін толық игерілді. 2021 жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туылып, 3 отбасында егіз сәбилер дүниеге келген. Ал 2022 жылы облысқа бөлінген 277 квота өткен жылдың қазан айына дейін толық игерілді. 2022 жылы ЭКҰ арқылы 102 бала туылып, 2 отбасында егіз сәбилер дүниеге келген.

– Қағазбастылықты азайту заман талабына айналды. Саланы цифрландыру қай деңгейде?

Қазіргі таңда, аудандық деңгейге дейінгі және аудандық деңгейден төмен барлық медициналық ұйымдар компьютермен 100% қамтылған. Сондай-ақ, кемінде 4 мегабит/сек интернетпен 93,2%-ға дейін қамтамасыз етілді. Барлық медициналық ұйымдар «Даму-мед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жасақталған. Бүгінде аймақ тұрғындарына 100%-ы электронды денсаулық паспорты толтырылған. Қазіргі күні дәрігерге тіркеу, дәрігердің тағайындауы электронды түрде «Даму-мед» жүйесі арқылы 47%-ға жүзеге асырылғанын ескерген жөн.

Қазіргі уақытта денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы негізгі міндет Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру екені сөзсіз. Осы мәселені шешу үшін e-Health электрондық денсаулық сақтаудың жаңа цифрлық архитектурасына көшу жүзеге асырылуда. Оның аясында азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыруды, микросервистік архитектураны пайдалануға көшуді және эталондық деректер базасын құруды қамтамасыз ету жоспарлануда. «Ehealth» жобасын 2023 жылдың соңына дейін тәжірибелік пайдалануға, 2024 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда.

Жалпы, тұрғындардың денсаулығы –мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы. Жоғарыдағы бұл бағыттағы атқарылған жұмыстардың біршамасын баяндадым. Денсаулық сақтау саласын аймақ басшысы назардан тыс қалдырған емес. Аймақ басшысының ерекше қолдауы – облыстың медицина саласының жұмысын айрықша ілгерілетуде. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала бермек.

–Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы