Тұрғындар қажетті көмірмен толық қамтылуы тиіс - Сатыбалды

19 Желтоқсан 2022, 20:22
937
Бөлісу:
Тұрғындар қажетті көмірмен толық қамтылуы тиіс - Сатыбалды

Облыстың оңтүстік аймақтарында көмірге сұраныс күрт өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жалпы өңірде қатты отынның қажеттілігі 900 мың тоннадан асқан. Бүгінде оның 90%-ы тасымалданған. Қосымша 200 вагон көмір жеткізіледі. Облыс тұрғындарын көмір отынымен қамтамасыз ету мәселелері туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды. Облыс басшысы мәселені бақылауда ұстап, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді міндеттеді. Қосымша қажеттілікті қамтамасыз ету туралы жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаурашылық басқармасы басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша коммуналдық - тұрмыстық салаға бір жылда 250 мың тонна қажет. Тұрғындардың қажеттілігі (жылыжайлар мен жеке тұрғын үйлер) 650 мың тоннадан асады. Оның ішінде: Түркістан қаласында 690 тонна, Арыс қаласында 510 тонна, Сарыағаш ауданы 1500 тонна, Төлеби ауданы 800 тонна, Созақ ауданы 1700 тонна. Облыс көлемінде 26 темір жол тұйықтары бар. Айтуынша, дүрбелең тудырмас үшін көмір өткізетін орындардың өкілдері тұрғындарға тиісті ақпарат беруі керек.

Тұрғындар қажетті көмірмен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселені күнделікті бақылауда ұстау керек. Сұраныстың артуы да алдын ала болжануы қажет. Мониторинг жасап, нақты ақпараттарды жинақтап, алдын алуды жүйелі жолға қою керек,- деді облыс әкімі.

Көмірді жеке тұрғындарға қамтамасыз ету үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «ҚТЖ», кең орындармен жедел штаб отырысы өткізілуде. Тиісті министрліктерге вагон санын ұлғайтып, көмір көлемін арттыруға қатысты хат жолданған. Көмір сапасы әкімдік ұсынысымен тәуелсіз сапаршылардың тексеруінде. Жылыту маусымының барысы штаттық режимде өтуде бақылауға алынған.

Аппарат мәжілісінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев облыстағы қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндама жасап, атқарылған жұмыс нәтижесімен таныстырды. Басқарма жүйелі негізде әлеуметтік сауалнама өткізу арқылы, өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарының картасы жасалған.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі облыс әкімдігіне қарасты басқармалар мен тиісті құзырлы мекемелерге, қала және аудан әкімдеріне қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шаралар жүргізуді тапсырды. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату бағытынадағы жұмыстарды күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажын бірге шешу қажеттігі ескертілді.

Өзгелердің жаңалығы