Тұрғын үйлердегі өрт – салғырттық салдары

30 Наурыз 2024, 08:05
345
Бөлісу:
Тұрғын үйлердегі өрт – салғырттық салдары
Фото: baq.kz

Өрт – тілсіз жау. Бүгінде қыстың аяқталған тұсында газ пештерінің қысымының азаюына байланысты тұрғындар электр пештерін қосуда. Ал оның қаупі жоғары. Салдарынан, оқыс оқиғалардан тұрғын үйлерде, мекемелерде өрт оқиғалары жиі тіркелуде. Осы тұста Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Асетқызы Мұнатаева оқыс оқиғаның алдын алу жөнінде мәлімет берді.

– Соңғы уақытта облыста өрт оқиғалары жиіледі. Әсіресе тұрғын үйде орын алатын оқыс оқиғалар артты.

– Облыс бойынша 2024 жылға I тоқсан қорытындысы бойынша тұрғын үй секторларында 100 өрт оқиғалары орын алды. 2023 жылға қарағанда 5,6% азайды (2023 жылы 106 өрт оқиғалары орын алды). Жалпы өрт оқиғалары негізінен адами факторлардың әсерінен, яғни салғырттықтан көп орын алуда. Тұрғын үйлердегі өрттің шығу себебі көбінесе өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережесін сақтамаудан болып жатыр. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережесін сақтамау дегенеміз: ол – қосулы тұрған электр, яғни үй жылытқыш пештердің үстіне киім жайып кептіру, тез тұтанатын аумақтарға пешті жақын қою, көрпе-төсек, перде тұратын жер мен пештің арақашықтығын ескермей жақын қою, тұрмыстық электр аспаптарын қараусыз қалдыру, қолданып болған соң тоқ көзінен ажыратпай немесе бала қолы жететін тұсқа қоя салу, кішкентай балалы үйлерде оттықты, сіріңкені қолжетімді жерге қалдыру, ток көзіне, жалпы үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы ережелерді сақтамау, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінбей өз бетінше жұмыс жасау.

Тұрғын үйлердегі орын алатын өрттердің ең үлкен зардабы – бұл тікелей адам өміріне, денсаулығына қауіп тудырады.

– Сонымен қатар, автокөлік, қоғамдық көліктердің отқа орануы да жиіледі.

2024 жыл 1 тоқсан қорытындысына сәйкес автокөліктерде 
40 өрт оқиғалары болды. 2023 жылмен салыстырғанда 10 % артты (2023 жылы 36 өрт оқиғалары орын алды).бұл жерде де көлік иелерінің көлікке дер кезінде көңіл бөлмеуі, өз еркімен жөндеу жұмыстарын жасауы, арнайы техникалық тексерістен уақытылы өткізбеуінен оқыс оқиғалар көп қайталануда.

– Тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себебі қандай? Жалпы аналитикалық шолу, зерделеу бар ма?

Жалпы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасымен өрт оқиғалары бойынша тоқсан сайын талдау жүргізіледі. 2024 жылғы талдауға сәйкес тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себебі электр желілерінің жарамсыздығы, электр сымдарының қысқа тұйықталуы және пештерді қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау болып табылады. Сонымен қатар тағы да айтамыз: әрбір тұрғын кез келген техникалық, электрлі заттарға мұқият болуы керек. Бұл әсіресе кішкентай балалары бар үйдің негізгі ұстанымының бірі болуы керек.

– Күн жылып келеді. Енді аймақта көктемгі дала жұмыстарына байланысты өрттер орын алады. Қамыс өртінен келетін қауіп те жоғары. Осы жайында облыс тұрғындары қандай қауіпсіздік талабын сақтауы қажет?

Ауыл шаруашылығы алқаптары мен өрістерде шөпті, аңыз қалдықтарын, сабанды өртеу жұмыстарын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, орман иелері өрт қауіпті кезеңі алдында немесе соңында мынадай өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып жүргізеді:

  1. Өртеу жұмыстарын бастамас бұрын өз қызметкерлеріне, сондай-ақ осы іс-шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы, өрт сөндіру тәсілдері туралы нұсқаулық беру ұйымдастырылады;
  2. Өртеу жұмыстарын жүргізу уақытында жауапты адамдар тағайындалады;
  3. Өртеу жұмыстарын жүргізу орындарында әр өрт сөндіру автоцистернасы немесе бейімделген техника, бір соқалы трактор, өрт сөндіргіштер, күректер есебінен өрт сөндіру құралдармен жабдықталған патрульдік бекеттер қойылады;
  4. Жұмыстар жүргізу алдында өртеу жұмысының аумағы ені кемінде 8 метр жолақпен жыртылады;
  5. Өртеу жұмыстары желдің әсері 3 баллдан аспайтын болғанда, жыртылған учаскелерде жауапты адамдар мен жұмыскерлердің бақылауымен жүргізіледі;
  6. Жалынның тез таралуын болдырмау мақсатында өртеу желдің ық жағынан басталады;
  7. Өртеу жұмысы аяқталғаннан кейін өртелген аумақтың периметрін мұқият тексеру, бықсыған жерлер мен жану ошақтарын анықтау және жою, қайта жанудың алдын алу үшін 3 сағат ішінде күзет қою қамтамасыз етіледі.

Көктемгі дала жұмыстарында орын алатын өрт оқиғасы да – өрт жиі және кең көлемді шарпитын, қауіптілігі жоғары, экологиялық зардабы да бар тілсіз жау. Жыл сайын егістікпен айналысатын шаруалар мен шаруа қожалық иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өрт сөндіру мамандары тиісті шаруашылықпен айналысатын қожалық иелеріне өртті болдырмаудың талап-ережесін түсіндіреді. Сондай-ақ бұл жеке тұрғын үй аулаларына көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізетін кез келген қала, ауыл, аудан тұрғындарына ескерту жасалады. Үй аулаларына тазалық жасағанда да қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударған жөн.

– Жалпы, Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру жұмыстарына қаншалықты дайын?

Жамбыл облысы аумағының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы 664 жеке құрам және 125 өрт сөндіру техникасымен (негізгі – 67 автокөлік, арнайы – 15 автокөлік, қосалқы – 43 автокөлік) қамтылған. Саланы техникалық жарақтандыру, жаңа техникамен қамтамасыз ету алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Уақыт бөліп, оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша берген ақпаратыңызға рахмет.

Өзгелердің жаңалығы