Тұрғын үй құрылысының тұралауы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді

1 Қыркүйек 2022, 18:38
805
Бөлісу:
Тұрғын үй құрылысының тұралауы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді

Көкшетауда қоғамдық кеңестің кезекті отырысында тұрғын үйлердің уақытылы пайдалануға берілмеу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Көкшетаудағы BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғын үйлердің уақытылы пайдалануға берілмегенін сынға алды. Кездесу барысында құрылыс басқармасының бас маманы Гүлмира Тасова 2021 жылы жоспарланған 18 үйдің 9-ы пайдалануға берілмегенін атап өтті.

Кезекте тұрған 500 отбасы пәтер ала алмайды. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары, отбасы банкінің салымшылары, апатты жағдайдағы үй тұрғындары бар. Сонымен қата, 2021 жылы пайдалануға берілген 4 жалға берілетін тұрғын үйге (185 пәтер) инженерлік желі жүргізілмегендіктен әлі күнге тұрғындар қоныстанбаған. 2020 жылы жоспарланған 13 үйдің бірде-бірі пайдалануға берілмеген. Бұл ретте, 2020 жылы жоспары бұзылған 13 тұрғын үйдің 8-і өткен жылы да іске қосылмаған. Биыл қалада тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 260,8 мың ш.м. құрайды. Алайда 7 үй жоспарының бұзылу қаупі бар. Осы кезеңде бірде-бір бюджеттік үй қолданысқа берілмеген,– деп атап өтті маман

Қазіргі уақытта 6 үй бойынша құжаттама қаржы бөлу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолданды.

Құрылыс бөлімінің мамандары салынып жатқан нысандардың кестеден қалу себептерін алға тартты. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес тұрғын үйлер темірбетон қабырға панельдері мен кірпіштен салынуда. Көкшетауда іс жүзінде қабырға панельдерін жасайтын бір-ақ зауыт – «Kokshe Building Service» және кірпіш шығаратын «ENKI» ЖШС бар. Монтаждау бойынша жұмыстарды уақытылы орындау үшін қабырға панельдері жетіспейді. Сондай-ақ кестеден артта қалуға құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы, жобалардың ұзаққа созылған түзетулері де әсер етті.

Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға үміттенген азаматтардың мүдделеріне неге нұқсан келуі тиіс? Мәселе халықтың әлеуметтік осал санаты туралы болып отыр. Бұл заңсыздыққа кім жауап береді? Демек, коммуникациялар мен инженерлік желілерді жүргізу үшін ақша мен жер бөлінді, ал нәтиже нөл болды, – деп наразылық білдірді халық қалаулысы Серік Кәкенов.

Мәслихат депутаты Станислав Максимец бұл мәселе бойынша көшпелі отырыс және құрылыс салушылармен кездесу өткізілгенін атап өтті.

Жергілікті атқарушы органдардың немқұрайлылығы әлеуметтік шиеленістің туындауына әкелуі мүмкін. Барлық жерде үйлердің құрылысы басталғаны туралы керемет есеп беріледі. Ал қарапайым тұрғындар билікке сенеді және кедей және көпбалалы отбасылар баспана алуға үміттенеді. Тұрғын үй құрылысының тұралауы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді, – деп түйіндеді ол.

Қазіргі уақытта қала бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алу үшін 25 675 адам кезекте тұр. 

Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәулет Жүнісов жер қатынастары саласында ереже бұзушылықтар бар екенін алға тартты. 

2018 жылдан бастап жер учаскелері мүлдем берілмеді. Қаланың бас жоспары бойынша жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жеке аймақтар бар. Бірақ бұл жер учаскелері барлық азаматтар үшін жеткіліксіз. Қазір бізде 44 игерілмеген учаске бар, біз оларды қайта жандандырып, ұсынамыз. Кезекте тұрғандардың тізімін мұқият қарап, құрылыс үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ адамдарды алып тастау қажет. Қаланың шекарасын кеңейтіп, Көкшетауға кіре берісте пайдаланылмаған алаңдарға салу туралы ұсыныс жасадық. Зеренді ауданының жақын маңдағы ауылдарының есебінен жеке тұрғын үй құрылысы үшін аймақты кеңейту керек. Бұл кезектің жылжуына айтарлықтай әсер етеді, – деп түсіндірді ол.

Қоғамдық кеңес мүшелері жер телімін алуға қандай мүмкіндік барын сұрады. 

Бүгінгі таңда ереже бойынша біз инфрақұрылым жүргізілген учаскелерге ғана жеке құрылысқа жер бере аламыз. Бүгінде қала ішінде мұндай учаскелер жоқ, - деп жауап берді ведомство басшысы.

Қоғамдық кеңесте Зеренді саяжайлары ауданындағы бос жерлерді пайдалану және құрылысқа орын бөлу туралы ұсыныс айтылды. Ведомство басшысы ондағы жер жасыл желек пен бау-бақша өсіру үшін қарастырылғанын, оны басқа мақсатқа пайдалануға болмайтынын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы