Тұрғын үй мен несиені жеңілдету: Үкімет депутаттың көпбалалы отбасыларға қатысты ұсынысына жауап берді

27 Ақпан 2024, 12:21
7190
Бөлісу:
Тұрғын үй мен несиені жеңілдету: Үкімет депутаттың көпбалалы отбасыларға қатысты ұсынысына жауап берді
Фото: BAQ.KZ -архив

Үкімет әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, несие беру рәсімін жеңілдету, тұрғын үй сатып алудың баламалы тетіктеріне қатысты депутат Гаухар Танашеваның сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің ресми жауабында қазіргі уақытта жеңілдетілген ипотекалық кредит берудің бірқатар мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейтінін атап өтті. Мысалы, “7-20-25” бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның басты мақсаты - халықтың кең санаты үшін тұрғын үй кредитіне қол жеткізуді жақсарту.

Үкіметтің бағдарламалары негізінен Отбасы банк арқылы жүзеге асырылады және бірнеше санаттарға арналған. 2024 жылы наурыз айында Отбасы Банк арқылы жастарға арналған жаңа “9-20-25” ипотекалық бағдарламасын іске қосылады (150 млрд теңге). <9k бағдарламаның талаптарына сәйкес, тұрғын үйлерді тек ғана ірі қалалардан ғана емес, екінші нарықтағы үйлерді де аудандық орталықтар, моноқалалар мен ауылдық елді мекендерден алуға болады, - делінген жауапта.

Сонымен қатар “Қазақстан ипотекалық компаниясы” жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асырып жатыр. Бағдарлама әлеуметтік осал топтарға арналған. Дәлірек айтқанда, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Бағдарламаның талаптары аталған санаттар үшін тиімді.

Сондай-ақ аса жоғары емес пайыздық мөлшерлемеге қатысты ипотекалық кредиттеу Отбасы Банктің өзінің бағдарламалары бойынша тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесі арқылы белсенді түрде іске асырылады. Сонымен қатар Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша әлеуметтік осал топтарына жататын және осыған дейін өз қарыздарын қайта қаржыландырған ипотекалық қарыз алушылармен жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта қолдау шараларын әлеуметтік осал топтарына жататын 10,6 мың қарыз алушылар алды. Қалған 992 қарыз алушыны қамту үшін қолдау шараларының мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды, - деді Бектенов.

Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мақсатында халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету бойынша заңға түзетулер әзірледі. Түзетулер Заң жобасына енгізілді. 2023 жылғы 11 желтоқсанда Заң жобасы бойынша Үкіметтің оң қорытындысы алынды, қазіргі уақытта Мәжілістің қарауында.

Аталған түзетулер тұтынушылық кредит берудің өсуін елеулі түрде шектеуге, қарыз беру кезінде қарыз алушыны сапалы бағалау бойынша кредиторлардың жауапкершілігін арттыруға және мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда әкімдіктер есебінде тұрғын үйге мұқтаж 118 531 көпбалалы отбасы және "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар тұр, - деп айтты Премьер-министр.

Осы санат бойынша 2019 жылдан бастап 26,4 мың көпбалалы отбасы және марапатталған аналар тұрғын үймен қамтылды (жалдамалы пәтер – 18 686 отбасы, Бақытты отбасы “2-10-20” – 7 248 отбасы, Шаңырақ “5-10-20” – 484 отбасы).

Сондай-ақ биыл республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтар үшін 4 910 жалдамалы пәтер сатып алуға 66,7 млрд теңге бөлінді. Оның кемінде 20%-ы немесе 982 пәтер көпбалалы отбасы және марапатталған аналарға.

Өзгелердің жаңалығы