Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тексеру жұмыстары басталады. Тексеру нәтижесінде тұрғын үйге мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келмейтін азаматтар кезектен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Матай Жансұлтан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, тұрғын үй бөлу жүйесінде ашықтықты, объективтілікті және рәсімдердің бірыңғай тәртіппен жүргізілуін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта банк пайдаланатын ақпараттық жүйелер мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланып жатыр.
Сонымен қатар тұрғын үйді бөлуге арналған цифрлық платформа енгізілген. Жүйе адам факторын барынша азайтуға бағытталған.
Бізде тұрғын үй бөлу жүйесі «No Human» қағидаты бойынша құрылған. Тұрғын үй алған азаматтардың тізімі жарияланады. Сондай-ақ кезекте кімнің қай орында тұрғанын да ашық көруге болады. Бұл ақпараттың барлығы жария кеңістікте қолжетімді, – деді «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Матай Жансұлтан.
Оның сөзінше, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тексеру жұмыстары енді ғана басталып жатыр.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде шамамен бір миллионға жуық азамат бар.
Бүгінде бізде шамамен бір миллион адам бар. Оның 642 мыңы бұрынғы кезектен өтті, тағы 330 мыңға жуық азамат жаңа заң аясында жаңадан кезекке тұрды. Енді олардың барлығын тексереміз. Заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Инвентаризация қорытындысында қазіргі талаптарға, яғни тұрғын үйге мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келмейтін азаматтар кезектен шығарылады, – деді Матай Жансұлтан.
Ол бұл жұмыстың басты мақсаты мемлекеттік қолдауды шынымен баспанаға мұқтаж азаматтарға бағыттау екенін атап өтті.
Мемлекет тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде ең алдымен нақты қолдауға мұқтаж азаматтарға көмектесуі керек. Сондықтан кезектегі азаматтардың талаптарға сәйкестігін тексеру – негізгі міндеттердің бірі, – деді банк өкілі.
Матай Жансұлтанның айтуынша, тұрғын үй кезегін түгендеу мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде жүргізіледі. Бұл тұрғын үй бөлу кезінде адам факторын азайтып, кезектің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, жаңа жүйе аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәртебесі қайта қаралып, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіндер кезектен алынады. Ал тұрғын үй алғандар мен кезекте тұрғандардың тізімі ашық цифрлық платформада қолжетімді болады.