Солтүстік Қазақстанда ұн өндірісі тың серпін алды. Тайынша ауданында жылдық қуаты 200 мың тоннадан асатын диірмен кешені іске қосылып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті жаңа деңгейге көтерілді. Бұған дейін майлы дақылдарды қайта өңдеумен танылған кластер енді ұн, кеспе және құрама жем өндірісін жолға қою арқылы өнімнің қосылған құнын арттыру бағытына бет бұрып отыр.
Жоба шетелдік инвестициямен жүзеге асқанымен, өндіріс толығымен жергілікті шикізатқа негізделген.

BAQ.KZ тілшісі Орталық Азия және Қытайдың "Жэньминь жибао" басылымы журналистерімен бергі "Бір белдеу, бір жол" атты бірлескен баспасөз сапары барысында зауыттың қызметімен танысты.

Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған "Ай Цзюй" логистикалық паркінің жобасы жұмыс істейді. Мұнда өндірілген астықтар Қытайға экспортталады.
Аймаққа серпін берген инвестиция
Қытайлық AiJu компаниясы Қазақстан нарығына 2016 жылы енді. “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында жүзеге асқан инвестициялық жобалар Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында агроөнеркәсіптік кластер құрылуына негіз болды. Жоба аясында бидай мен майлы дақылдарды терең өңдейтін заманауи кәсіпорындар салынып жатыр.

Жобаның құрылысын отандық “Мемолюкс” ЖШС жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда кластер құрамына май өндіру зауыты, диірмен кешені, құрама жем цехы мен кеспе (лапша) шығаратын өндіріс кіреді.
AiJu (Айцзюй) Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін логистикалық өңдеу паркі осы жерде орналасқан. Қазіргі таңда біздің жалпы жер аумағымыз 333 гектарды құрайды. Егер логистика және теміржол жүйесі толық оңтайланса, біз жылына 1 миллион тонна жоғары сапалы өнімді Қытайға экспорттай аламыз, — деді "Сиань Ай Цзюй" компаниясының Қазақстандағы бас директоры Фан Лунфей.

Кластердегі алғашқы нысан — “Тайынша-Май” ЖШС. 2016 жылы іске қосылған зауыт тәулігіне 1000 тоннаға дейін майлы дақыл өңдей алады. Мұнда негізінен зығыр, күнбағыс пен рапс өңделеді. Рапс майы Қытай нарығында жоғары бағаланады. Сонымен қатар күнжара мен шрот та экспортқа шығарылады.
Біз келісімшарттық егіншілік жүйесін енгіздік. Фермерлерге қаржылай, техникалық көмек көрсетеміз. Ең бастысы – өнімге кепілдендірілген сатып алу бағасын ұсынамыз, — дейді Фан Лунфей.
Күн сайын 800 тонна ұн: диірмен кешенінің жаңа кезеңі
2024 жылы кластерге тәулігіне 300 тонна ұн шығаратын диірмен кешені қосылды. Жыл соңына дейін оның қуаттылығы 500 тоннаға дейін артпақ. Зауыт жоғары сұрыпты ұн өндіреді, ол негізінен Қытайға жөнелтіледі. Сонымен қатар, өнімге "Халал" сертификаты алу үшін өтінім берілген. Жақын арада ішкі нарықта да сатылым басталуы мүмкін.

Сапалы ұн өнімдеріміз Қытай нарығына экспортталып жатыр. Жоспарға сәйкес, қазақстандық тұтынушыларға келесі айда ұсынамыз, — деп мәлімдеді Фан.
Кеспе мен жем зауыты
Кластер аясында жылдам дайындалатын кеспе цехы да салынып жатыр. Оның тәуліктік қуаты – 20 тонна. Өнімнің бәрі толықтай экспортқа бағытталған. Сонымен қатар сынақ режимінде тәулігіне 1000 тонна құрама жем зауыты іске қосылды.
Өндіріс үшін шикізат тұрақты болуы қажет. Осы мақсатта астық сақтау қоймасының сыйымдылығы 75 мың тоннаға жеткізілді.
Әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты жұмыс
Зауыт есепшісі әрі өндіріс директоры Әлия Сүлейменова зауытта жергілікті тұрғындар жұмыс істейтінін айтты.

Бүгінде біздің кәсіпорындарда 98 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Ауылда 150 отбасы тұрады, соның 80%-ы бізде еңбек етеді. Көпшілігі – әйелдер. Бұл – ауылдың табиғи әлеуметтік құрылымына сай, - деді ол.

Зауыт ұжымы үшін бірқатар әлеуметтік қолдау бар:
- тегін тамақтану,
- сырттан келген жұмысшыларға арналған қонақ бөлме,
- тұрғын үй мәселесіне көмек.
Орташа жалақы – айына 280–300 мың теңге. Сонымен қатар корпорация балаларға Қытайда оқу мүмкіндігін береді. Мысалы, бүгінде зауыт қызметкерлерінің 5-6 баласы Қытайда тегін білім алып жатыр.

Ол жақында өтетін Орталық Азия-Қытай саммитінде осындай жобалардың маңыздылығы аталып өтуі мүмкін екенін айтты.
Маған ең маңыздысы — тұрақтылық. Осы зауыт 2017 жылы қайта іске қосылғанда, үміт оралды. Қиын кезеңде ешкімді жұмыстан шығармай, жалақы төлеп тұрды, — дейді Әлия Сүлейменова.

Компания басынан бастап фермермен серіктестікке негізделген жүйе ұстанып келеді. Олар жергілікті агроқұрылымдарға техника, қаржы ұсынып, өнімді кейін сатып алады.
Қытайлық компанияның Тайыншада жүзеге асырып жатқан өндірістік жобасы — тек экономикалық инвестиция емес. Бұл — ауыл тұрғындарының тұрақты жұмысы, фермерлердің сенімді серіктесі, халықаралық экспорттың ауқымды арнасы. Жылына жүздеген мың тонна өнім өңделіп, Қытайға жөнелтіледі. Қазақстандық ауыл шаруашылығы әлеуеті осындай жобалар арқылы жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Еске сала кетейік, бұл баспасөз турын Қытайдың жетекші ақпарат құралдарының бірі — "Жэньминь жибао" газеті ұйымдастырды. Бұған дейін шетелдік журналистер Алматыдағы Алма-Арасан шатқалында болды. Сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытының жұмысымен де танысты.
Сонымен бірге журналистер Ақтаудың ерекше көрінісін де тамашалады. Оған қоса БАҚ өкілдері Маңғыстаудағы су тазартатын бірегей зауыт қалай жұмыс істейтінін көрді.
Сондай-ақ іс-шара маусым айында Астанада өтетін "Орталық Азия – Қытай" саммитінде аясында өткізіліп отыр.