Тунис, AI және жаңа келісімдер: Сағынтаев ЕАЭО отырысының қорытындысын шығарды

ЕАЭО елдері Туниспен жаңа келіссөз бастап, AI мен сауда бағытындағы бірқатар маңызды шешімді мақұлдады.

 Ақорда Бүгiн 2026, 17:05
Бүгiн 2026, 17:05
310
Фото: Ақорда

Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен V Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕАЭО елдері халықаралық сауда, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, агроөнеркәсіп және өнеркәсіптік кооперация бағытындағы бірқатар маңызды шешім қабылдады. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев форум қорытындысын шығарып, Одақтың жаңа сауда серіктестері, AI бойынша ортақ бастамалары мен алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тунис пен Сербия бағытындағы жаңа шешімдер

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алғашқы отырысында мемлекет басшылары халықаралық ынтымақтастық, сауда, цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар реттеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ортақ электр энергиясы нарығын қалыптастыру, мемлекеттік сатып алу мен кедендік әкімшілендіру саласындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелері қаралған.

Екі маңызды құқықтық құжатқа қол қойылды. Біріншісі – Туниспен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі келіссөздерді бастау. ЕАЭО преференциялық келісімдер желісін жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Тунис “еуразиялық бестік” елдері үшін Солтүстік Африка нарығына шығудағы стратегиялық бағыт саналады. Екінші шешім – 2019 жылы Сербиямен жасалған уағдаластықтардың жекелеген тұстарын жаңарту туралы. Атап айтқанда, қолданыстағы еркін сауда келісіміндегі тауарға ілеспе құжаттарға қойылатын талаптар қайта қаралады. Бұл ЕАЭО мен Сербия арасында тасымалданатын тауарларды кедендік рәсімдеуді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді Сағынтаев.

ЕАЭО жаңа нарықтарға шығуды күшейтіп жатыр

Сағынтаев соңғы бес жылда ЕАЭО халықаралық сауда серіктестері желісін едәуір кеңейткенін айтты. Оның мәліметінше, Сербия және Иранмен преференциялық келісімдер күшіне енген. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерімен, Индонезиямен және Моңғолиямен келісімдерге қол қойылған.

Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі 22 шілдеде күшіне енеді. Үндістанмен келіссөздер жалғасып жатыр. Пәкістанмен бірлескен зерттеу жұмыстары басталды. Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері және бірқатар өзге мемлекет бойынша Одақ тарапынан келіссөздерді әрі қарай ілгерілетуге дайындық білдірілді. Қазір серіктестеріміздің жауабын күтіп отырмыз. Жалпы алғанда, мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемі өсуді жалғастырып келеді. Бүгінде есеп айырысудың 93 пайыздан астамы ұлттық валюталармен жүргізіледі, – деді ол.

Агроөнеркәсіп пен кооперацияға жаңа қолдау

Бақытжан Сағынтаев «Стратегия-2025» бағдарламасы аясында өнеркәсіптік кооперация үшін жағдай жасау бағытында елеулі нәтиже болғанын айтты. Оның сөзінше, 2024 жылы кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау тетігі нақты жұмыс істей бастаған. Қазірдің өзінде жалпы көлемі шамамен 25 миллиард рубль болатын 19 өтінім келіп түскен.

Бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес кооперацияны қаржылай қолдау тетіктерін агроөнеркәсіп кешені саласына да тарату туралы шешімді қолдады. Бұл шешім агроөнеркәсіп саласында жаңа кооперациялық тізбектер құруға мүмкіндік береді. “Стратегия-2025” бағдарламасын жүзеге асыру барысында өнеркәсіптік кооперация үшін жағдай жасау бағытында айтарлықтай ілгерілеу болды. Кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау тетігі қазір нақты жұмыс істеп тұр. Жалпы көлемі шамамен 25 миллиард рубль болатын 19 өтінім түсті, – деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы.

AI бойынша ортақ мәлімдеме қабылданды

Сағынтаев V Еуразиялық экономикалық форум аясында әлемнің 42 елінен шамамен үш мың адам жиналғанын айтты. Форум бағдарламасына 30-дан астам іс-шара енген. Негізгі тақырыптар инвестициялық ынтымақтастық пен экономикалық интеграцияның өзекті мәселелеріне арналған.

Форумның маңызды оқиғаларының бірі – ЕАЭО мемлекеттері басшыларының жасанды интеллектіні дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауы болды. Бұл құжаттың маңызын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Одаққа мүше өзге мемлекеттердің басшылары ерекше атап өтті. Мәлімдеме елдер экономикасын цифрлық трансформациялау саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын айқындайды. Құжат ұлттық мүдде мен цифрлық егемендікті ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған, – деді алқа төрағасы.

Келесі отырыс Санкт-Петербургте өтеді

Сағынтаевтың айтуынша, форум мен кеңес аясында бірқатар халықаралық құжатқа қол қойылып, интеграциялық өзара іс-қимылдың түрлі бағыты бойынша хаттамалар мен жоспарлар бекітілген.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы желтоқсан айында Санкт-Петербургте өтеді. Сонымен қатар Ресей Федерациясы Одақ органдарына төрағалық ететіні белгілі болды.

Наверх