Тұңғыш төраға кітабы жарыққа шықты

1 Сәуір 2022, 15:03
2427
Бөлісу:
Тұңғыш төраға кітабы жарыққа шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласындағы «Ғылым Ордасында» ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Ғылым Ордасы» РММ бірлесе отырып көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдық мерейтойына арналған «Сейітқали Меңдешев. Құжаттары мен материалдар жинағы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

С. Меңдешевтің 140 жылдық мерейтойына тамаша тарту болған жинақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің № AP09561877 – «Сейітқали Меңдешев: өмірі, қызметі және тарихи мұрасы (1882-1938)» атты 12 айлық гранттық жобасын орындау барысында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, идея авторы С. Шілдебайдың ғылыми жетекшілігімен құрастырылған.

Осы жинақ арқылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының архивтерінен анықталған С. Меңдешевтің құжаттары мен сөйлеген сөздері, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары тұңғыш рет жиналып, ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Құрастырушы-автор С. Шілдебайдың ұзақ жылдарғы еңбегінің нәтижесі болған бұл жинаққа 93 тарихи құжат, С. Меңдешевтің 44 мақаласы мен 22 фотосы енгізіліп, фотодағы көптеген қайраткерлердің кім екендігі тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан анықталған. Ресей мен Қазақстан архивтерінен жиналған тарихи фотолардың 10-нан астамы бұрын-соңды белгісіз болып келген суреттер болып табылады. 

Іс-шара Тарих және этнология институты директорының орынбасары Ш. Тілеубаевтың кіріспе сөзімен ашылып, құрастырушы-автор С. Шілдебайдың кітап туралы баяндамасымен жалғасты. Автор С.Меңдешевтің қазақ халқына сіңірген қызметін архив құжаттары арқылы тани келе, оған деген ерекше құрмет сезімінің қалыптасқанын, сондықтан да осы тұлғаның құжаттары мен жазған мақалалары арқылы сол дәуірдің тарихи келбетін тануға ықпал ететін осындай құжаттар жинағын құрастыруды жөн деп тапқанын жеткізді. Автор сонымен қатар, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында өмір сүріп, әртүрлі саяси платформада болған қазақ қайраткерлеріне қатысты баға беруде орын алып отырған ұшқары пікірлерге жол берілмес үшін, осындай тың құжаттар арқылы тарихымызды терең тани түсу керек деді. Коммунистік партияға кіре отырып еліне адал қызмет еткен С.Меңдешевтей қайраткерлер болмаса, қазақ халқының жағдайы одан да ауыр болатын еді деген тұжырым жасай келе, Компартияға мүше болған қазақ қайраткерлерінің арасынан сатқындар мен жау іздеуді доғару керек деді.

Одан ары қарай сөз алып, жарық көрген кітапқа қатысты пікірлері мен өз ойын ортаға салған профессор Қ. Алдажұманов С.Меңдешевтің үлкен тарихи тұлға болғанын, большевиктерге қосылған қазақ қайраткерлеріне баға беруде тәуелсіздік жылдары қалыптасқан сыңаржақ, тарихи шындыққа жанаспайтын тұжырымдарды осы сынды ғылыми еңбектердің түзететінін, сондықтан да, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, А. Асылбеков. Ә. Жангелдин сияқты және т.б. тұлғаларды бір жақты қаралап, тек қана Алашорда мүшелерін дәріптеудің арты жақсылыққа алып бармайтынын ескертті.

Іс-шараға Zoom арқылы қатысқан Ресей ғылым академиясын Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Д. Аманжолова жарық көрген кітаптың тарихи құндылығы өте жоғары деген баға берді. Әсіресе, 1921-22 жылдардағы ашаршылық тарихына, 1921-24 жылдардың аралығында жүргізілген қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру жолындағы күрес тарихына, Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихына, ұлттың мәдени-рухани келбетін әсер еткен өзгерістер тарихына қатысты бұрын-соңды ғылыми айналымға тартылмаған құжаттардың құндылығы жоғары деген баға берді. Сонымен қатар, көп сөзге жоқ болған С.Меңдешевтің іскер мемлекет басшысы болғанын, қазақ халқының мүддесі жолында көптеген істерді тындырғанын айта келе, тарих қойнауында жатқан осындай үлкен тарихи тұлғаның қырларын ашатын құжаттарды жинап, оны ғылыми айналымға тартқан құрастырушы-автордың еңбегіне жоғары баға берді. 

Zoom арқылы Германиядан арнайы қатысқан белгілі тарихшы, Берлин еркін университеті Шығыс Еуропа институтының профессоры, PhD доктор Роберт Киндлер құрастырушы-автормен осыдан 15 жыл бұрын танысқанын, сол кездің өзінде жас ғалым ретінде танылған С.Шілдебайдың бұл еңбегі 20-30 жылдардағы тарихи процесстер мен құбылыстарды тереңірек түсінуге игі ықпал ететінін жеткізді. С. Шілдебайды жаңа еңбегімен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тіледі.

Сонымен қатар, кітапқа қатысты пікір білдірген «Арыс» қорының президенті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Ғ. Әнес, ҚР ҰҒА академигі, белгілі Алаштанушы ғалым, профессор М. Қойгелдиев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Х. Тұрсұн, тарих ғылымдарының докторлары С. Смағұлова мен А. Ысқақ, тархшы-ғалым З. Төленовалар кітапқа жоғары баға бере отырып, құрастыруға табыс тіледі. Сондай-ақ, жиынға қатысқан С.Меңдешевтің аталас-туысы М. Мәмбетов пен тікелей ұрпағы А.Меңдешевтер сөз сөйлеп, осы шараны ұйымдастырушылар мен кітаптың құрастырушы-авторына өз алғыстарын жеткізді.

Кітаптың тұсаукесеріне отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, студенттер, магистранттар, докторанттар және БАҚ өкілдері, C.Меңдешевтің туыстары мен жерлестері, сондай-ақ осы тақырыпқа қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.

Өзгелердің жаңалығы