Тұңғыш қазақша политтехнология кітабы жарық көрді

18 Қаңтар 2023, 17:16
1283
Бөлісу:
Тұңғыш қазақша политтехнология кітабы жарық көрді

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында мәдениеттанушы-философ, PhD доктарант Абылайхан Қалназаровтың «ШЫМКЕНТТІҢ ЖҰМСАҚ КҮШІ. Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия (Талдаулар мен ұсыныстар)» атты тұңғыш қазақша политтехнология кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Кітап лентасын «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен белгілі журналист Зейін Әліпбек қиды.

Бұл аналитикалық-ұсынымдық зерттеу еңбек мемлекет тізгінін ұстаған барлық деңгейдегі басшылар мен идеологтарға нұсқаулық-қойын кітапша ретінде әзірленген.

Қазақстан тарихында осы тақырыпта алғаш рет қолға алынған кітап – 100 дана ғана басылған (әр данасы 25 мың теңге), 5 тарау, 432 беттен тұрады. Теориялық базасы Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, Еуропа парламентінің депутаты, ағылшын ғалымы Саймон Анхольт концепциясына негізделген жәнеден Шымкент қаласы мысалында Қазақстан қалалары мен өңірлерінің брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын тұжырымдап, ілгерілету бойынша үлгілік ұсынымдар мен талдаулар жасалған.

«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев ел Үкіметіне, аумақтық атқарушы органдарға қоғам тарапынан осындай консультативтік ұсыныстардың көп болғанының пайдасын атап өтті.

Ел идеологтары әлі ойға да алып үлгермеген тың да актуаль жоба. Бұл еңбек өз мазмұнында үш қабатты қамтыған екен: Біріншісі, брендтік-имидждік, екіншісі, идеологиялық және үшіншісі – ұлттық құндылықтар өрісі. Тап мұндай басқарушылыққа арналған жұмыстар бір оңтүстік өңірі емес, еліміздің әр аймағына лайықталып істелуге тиіс. Олардың жалпы жиынынан елдік ауқымдағы ортақ идеология сомдалып шығады. Абылайхан бауырымыз енді Республика масштабындағы саяси-экономикалық туындысын дүниеге алып келсе нұр үстіне нұр, - деді Төлеубек Мұқашев.

Бұл ретте Зейін Әліпбек кітаптың басшылық, билік пен қоғам және БАҚ арақатынасына арналған тұстарының ерекше ұтымды шыққанына тоқталды.

Контентті бейімдеу және өңірлік-қалалық БАҚ-пен жұмыс істеуге көп орын беріліпті. Бұл аймақтық медиа нарықты дамытудың жалпы әлемдік үрдісі. Себебі жергілікті халыққа түйінді хабарламаларды неғұрлым тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Онда да жергілікті ерекшелікті, халықтың қалауын, проблемалар мен мүдделер, өзгелік дәрежесін, өңірлік немесе байтақтық маңызы бар жаңалықтарды жария етудің жеделдігін ескеру қажет. Жұмсақ күш – соның жұмсақ әдіснамаларын біртіндеп тарқатқан. Бұл «бір» десек, екінші жағынан мұны түсініп оқыған адам кемі бір облыс немесе қаланың идеология жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін өсетін тәрізді. Мемлекеттік қызметте өмір бақи жүріп жинайтын тәжірибе мұнда шебер сипатталып, оп-оңай және түсінікті тілмен беріле салған, - деп ойын тұжырымдады журналист.

Абылайхан Қалназаров кітап былтырдың ақпанында басылып дайын болған айтты. 

Алайда белгілі бір себептермен араға 1 жыл салып, енді ғана таныстырудың реті келіп отыр. Оның сүйегі «үшінші мегаполис» атанған Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия ретінде тікелей түзілген. Десе де қазақ реалийлерінің жалпыелдік ауқымда ұқсастығына орай Астана, Алматы мен Түркістан ахуалдарын салыстыру арқылы барлық аймаққа тән ішкі проблемаларды көтеріп, тиімді шешімдер ұсынылды, - дейді Абылайхан Қалназаров.

Сондай-ақ автордың айтуынша, кітаптың басты жаңалығы – Республиканың жаһандық даму контексті аясында Шымкенттің аумақтық брендингі, жергілікті ерекшеліктері мен имиджін, идеологиялық мәнін, тарихнамалық дәстүрлері мен сәйкестілігін анықтау мәселелерін талдай отырып жалпықазақстандық өркениетті елқұру инженериясына қатысты құнды ойлар. 

Өзгелердің жаңалығы