Қазіргі таңда қоғамда жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі – кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде, ойын-сауық орындарында жүруі. Бұл жағдай тек бала қауіпсіздігіне ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына әсер ететіні сөзсіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасөспірімдердің қараусыз жүруі түрлі құқық бұзушылықтарға, қылмыстарға немесе қайғылы оқиғаларға себеп болуы мүмкін. Бұл ретте ата-ананың бақылауы, мектеп пен қоғамның жауапкершілігі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының рөлі ерекше маңызға ие. Осыған байланысты біз ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Құралай Қабешқызы Каринамен сұхбаттасқан едік.
– Құралай Қабешқызы, әңгімемізді "Түнгі қаладағы бала" ұғымының мәнін ашудан бастасақ.
– "Түнгі қаладағы бала" бұл қоғамның қырағылығын, ата-ананың жауапкершілігін талап ететін маңызды мәселе. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта – яғни ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін, ал көшеде сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін заңды өкілінсіз жүруіне заңмен тыйым салынған. Бұл шектеулер баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілген. Себебі дәл осы уақыт аралығында кәмелетке толмаған балалар түрлі қауіп-қатерге тап болуы мүмкін.
– Биыл осындай құқық бұзушылықтар жиі тіркелді ме? Қай өңірлерде көбірек байқалады?
– Өкінішке қарай, жыл басынан бері еліміз бойынша 50 мыңнан астам ата-ана, заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай көрсеткіштерден кейін қаншама бала түнгі уақытта қараусыз жүргенін байқауға болады. Бұл тек бір қаланың немесе белгілі бір аймақтың мәселесі емес – бүкіл ел аумағында өзекті болып отырған ортақ проблема. Сондықтан бұл – әрбір отбасының, бүкіл қоғамның алаңдаушылығын тудыруы тиіс мәселе деп есептеймін.
– Қараусыз жүрген бала анықталғанда полиция қандай әрекет жасайды? Қандай шаралар қолданылады?
– Ең алдымен, бала кәмелетке толмаған ба, жоқ па соны анықтаймыз. Егер ол бала расымен де жасөспірім болса, ол жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Ол жерде ата-анасы немесе заңды өкілі анықталып, шақырылады. Әкімшілік хаттама толтырылады, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Біздің басты мақсатымыз жаза қолдану емес, баланың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау.
– Блалардың түнгі уақытта ата-анасыз жүруінің басты себептері қандай?
– Бұл көбіне ата-аналар тарапынан баланы бақылаудың әлсіздігінен болады. Кейбір ата-аналар балаларының қайда, кіммен жүргенін білмейді, ал кейбіреулері балаларына шектен тыс еркіндік береді. Тағы бір себеп – балалардың өз бетімен жүруді әдетке айналдыруы, ересек болғысы келіп, өздерін қауіпке тігуі. Бұл жауапкершілік тек баланың емес, ең алдымен ата-ананың мойнында екенін көрсететін шындық.
– Мұндай оқиғалар көбіне қандай отбасыларда кездеседі?
– Бұрын мұндай жағдайлар негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, қолайсыз отбасылар арасында жиі кездесетін. Алайда соңғы уақытта бұл тенденция өзгеріп келеді. Енді мұндай фактілер толыққанды, материалдық жағынан қамтамасыз етілген отбасылар арасында да жиі тіркеліп отыр. Сондықтан бүгінгі таңда отбасылық әл-ауқат бұл құқық бұзушылықтан қорғайды деген түсінік өз маңызын жоғалтып отыр.
– Мұндай заңбұзушылық үшін ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылады?
– ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер бала түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде заңды өкілінсіз болғаны анықталса, ата-анасына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, осындай балаларды қабылдаған мекеме иелері де жазаланады: заңда жеке тұлғалардан бастап, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне дейін 10-нан 50 АЕК-ке дейінгі айыппұл көзделген. Егер бала сағат 23:00-тен кейін көшеде жалғыз жүрген болса алғашында заңды өкіліне ескерту беріледі, ал мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
– Қиын жағдайға тап болған балаларға қоғам қандай көмек көрсете алады?
– Ең үлкен көмек немқұрайлық танытпау. Қараусыз жүрген баланы көргенде дереу 102 нөміріне хабар берген жөн. Өйткені ондай балалардың өзі немесе айналасындағылар тарапынан құқық бұзушылық жасау ықтималдығы жоғары. Кейде ата-аналары іссапарға кетіп, балаларын басқа ересек адамдарға қалдырып кетеді. Бірақ ешқандай нотариалды сенімхат рәсімдемейді. Бұл заң тұрғысынан баланың қараусыз қалуы деп есептеледі. Егер қараусыз жүрген баланың ата-анасы екі сағат ішінде полиция бөлімшесіне келмесе, бала "Өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына" орналастырылады. Онда балаға психологиялық, әлеуметтік, медициналық көмек көрсетіледі.
– Осындай жағдай баланың психологиясына қалай әсер етеді?
– Жасөспірім кезең – баланың тұлғасы қалыптасатын маңызды уақыт. Осы сәтте түнгі қалада жалғыз жүру, полиция бөлімшесіне жеткізілу, ата-ананың қатысуымен әңгіме – мұның бәрі баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін. Балаларда қорқыныш, кінә сезімі, алаңдаушылық пайда болады. Сондықтан мұндай тәжірибе болмағаны абзал. Ал оның алдын алу әрбір ата-ананың парызы.
– Егер ересек адам түнде жалғыз жүрген баланы байқаса, не істеуі керек?
– Мұндай жағдайда бейжай қалуға болмайды. Алдымен баланың қасында қауіпсіз жерге тоқтап, өзіңізге зиян келмейтіндей қашықтықта бақылау жасаңыз. "102" нөміріне хабарласып, жағдайды баяндаңыз. Полиция келгенше баланың қауіпсіздігіне назар аударыңыз. Бұл – азаматтық борыш, адами жауапкершілік.
– Құқық қорғау органдары тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
– Басты міндет – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Егер бала ата-анасының салғырттығынан түнде көшеде жүрсе – заңды өкіл есепке алынып, тиісті бақылауға алынады. Егер бұл жағдай баланың оқу орнымен байланысты болса – білім басқармасы және оқу орны әкімшілігімен бірлесе жұмыс жүргізіледі. Біз бала тағдырына тек әкімшілік шара ретінде емес, кешенді түрде қараймыз. Әрбір баланың артында болашақ жатыр. Сондықтан "Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің" деген халық даналығын естен шығармауымыз керек. Әр ата-ана өз баласына қамқорлықты ең басты міндеті ретінде қабылдауы тиіс.
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Сіздерге де рахмет. Баланың амандығы баршаға ортақ міндет. Жауапкершілік – отбасынан басталады.