Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түнде кетіп, бақылауға ілінді: 35 сотталғанның тәртіп бұзғаны білезік арқылы әшкереленді

14 Мамыр 2025, 14:15
1968
Бөлісу:
 Қызылорда облысының пробация қызметі
Фото: Қызылорда облысының пробация қызметі

Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар арасындағы 35 құқық бұзушылық электронды білезік арқылы анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қызылорда облысында пробация қызметінің бақылауында тұрған азаматтардың жүріс-тұрысын қадағалауға бағытталған электронды білезіктер тиімділігін көрсетуде. 

Түнде кетіп, бақылауға ілінді: 35 сотталғанның тәртіп бұзғаны білезік арқылы әшкереленді
Фото: Қызылорда облысының пробация қызметі

Жыл басынан бері осы құрылғылардың көмегімен 35 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 31 жағдайда сотталғандар түнгі уақытта мекенжайын рұқсатсыз тастап кетсе, тағы 4 дерек – әкімшілік аумақтан пробация қызметінің келісімінсіз шыққан азаматтарға қатысты тіркелген. 

Электронды білезіктер ­­­­­­­­– жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған, шартты түрде сотталған немесе қоғамдық қауіпсіздікке әлеуетті қауіп төндіруі мүмкін адамдарға қолданылады. Бұл құрал тәулік бойы үздіксіз бақылау жүргізуге, сондай-ақ сот жүктеген шектеулердің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Жыл басынан бері үш сотталған азамат электронды құрылғыны қасақана зақымдау немесе шешіп тастау әрекетімен жауапкершілікке тартылды. Салыстырар болсақ, өткен жылы мұндай жеті дерек тіркелген. 

Түнде кетіп, бақылауға ілінді: 35 сотталғанның тәртіп бұзғаны білезік арқылы әшкереленді
Фото: Қызылорда облысының пробация қызметі

Жуырда тағы бір есептегі азаматқа электронды білезік тағылды. Ол пробация қызметінің талаптарын жүйелі түрде орындамаған, сот жүктеген міндеттерден жалтарған. Қазір ол бақылауға алынып, қадағалау құралымен жабдықталды. 

Өзім кінәлімін. Ұрлық жасағаным үшін жауап беріп жатырмын. Құрылғы маған кедергі емес, керісінше тәртіпке келтіріп отыр. Құқық бұзуға ниетім жоқ. Жазамды өтеп, пробация есебінен шығуды қалаймын, - дейді есептегі азамат. 

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті пробация қызметі алдағы уақытта да сотталғандарды қоғамға бейімдеу, тәртіпке салу және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.

Өзгелердің жаңалығы