Тұмауға қарсы екпе COVID-19-ға қарсы иммунитетті төмендететіні рас па?

12 Ақпан 2021, 17:26
1730
Бөлісу:
Тұмауға қарсы екпе COVID-19-ға қарсы иммунитетті төмендететіні рас па?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы, сарапшы Лена Қасабекова коронавирусқа қарсы вакцина төңірегінде түрлі әңгімелердің көбейіп кеткенін айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) тұмауға қарсы екпені қауіпті топтардағы адамдарға жыл сайын салуға кеңес береді. Биыл да тұмауға қарсы вакцина салынды. Біздің елде қауіпті топтардағы екпе салынатын адамдар көрсеткіші жыл сайын 10%-ға жететін. Биыл пандемия басталғалы бері ДДСҰ-нан бұл көрсеткішті 40%-ға көтеру жөнінде ұсыныс келді. Неліктен? Себебі коронавирустың инфекция кезінде қауіпті топтар арасында жоғары сырқаттанушылық белгісі, жоғары асқынулар көп болды, өлім-жітім деңгейі де артты. Бұл кездері тұмауға қарсы екпе салдырмаған адамдар тұмаумен де ауырып, қосымша коронавирус инфекциясын да жұқтырса, бұл көрсеткіш одан да көбейетін еді, - деді ол.

Дәрігердің айтуынша, екі жұқпалы аурудың да (тұмау, коронавирус) қауіп топтары бірдей. Олар – медицина қызметкерлері, 65 жастан асқан адамдар, қандай да бір созылмалы аурулары бар науқастар.

Сондықтан, керісінше, тұмауға қарсы вакцина ол адамдарды тұмаудан қорғай отырып, коронавирус және тұмау асқынуларының бірге жүруінен де сақтайды. Зерттеулердің нәтижесінде тұмауға қарсы вакцинаның коронавирусқа қарсы иммунитетті төмендетпейтіні дәлелденіп отыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы