«Қазгидромет» РМК бүгін, 14 қарашада Қазақстанның 16 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірде тұман, көктайғақ және қатты жел күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында түнде қар жауып, күндіз жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Сондай-ақ төменгі боран мен көктайғақ болжанып отыр.
Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында көктайғақ болуы мүмкін. Жетісу, Алматы, Жамбыл, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында тұман түседі деп күтіледі.
Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Жетісу облыстарының кей жерлерінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал. Ал Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында өрт қаупі жоғары.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға жолда сақ болу, көлік жүргізу кезінде жылдамдықты азайту және қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.