Түлектер қандай колледжде тегін білім ала алады?

15 Сәуір 2022, 19:05
7054
Бөлісу:
Түлектер қандай колледжде тегін білім ала алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «БҒМ LIVE» жобасында БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов колледждерде кім тегін білім алатыны туралы айтып берді.

- Биыл қазақстандық колледждерге қанша грант бөлінеді?

- Президенттің тапсырмасына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін кәсіптік біліммен 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Биылдың өзінде мемлекеттік тапсырысты 45 мыңға арттырдық. Сонымен қатар жергілікті жерден 80 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Осы ретте 125 мың жастың тегін білім алуға мүмкіндігі бар. Бірінші кезекте 9-сынып түлектерін тегін біліммен қамту жоспарланып отыр. Биыл кәсіптік техникамен білім алушылардың 70 пайызын тегін қамтимыз. Ал 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білімді 100 пайыз қамту көзделіп отыр. 

- Қазіргі күні жастардың қанша пайызы тегін білім алып жатыр?

- Бүгінгі күні тегін білім алушылар саны 60 пайызды құрайды. Ал биыл 70 пайыз болса, 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 пайыз тегін оқиды.

- Қандай мамандық бойынша қай колледжде оқуға болады?

- Қазіргі кезде өңірлерде арнайы комиссиялар өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар тізбесін әзірлеп жатыр. Сонымен бірге осы мамандықтар бойынша қанша студент қажет екенін бекітеді. Одан бөлек, сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерге қойылатын 11 критерий бар. Осы критерий бойынша оқу орындарының тізімі бекітіледі. Әрине бұл барлық оқу орны қатыса алады дегенді білдірмейді. Мысалы, былтырдың өзінде 700 колледждің тек 600-і ғана мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндік алды. 30 сәуірден бастап Білім басқармаларында мемлекеттік тапсырыс бөлінген мамандықтар туралы ақпаратты ресми сайттарына орналастырады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы техникалық мамандықтарды қайта қарап, ұлғайту бойынша тапсырма берген болатын. Сондықтан биыл 50%-ын техникалық және технологиялық мамандықтарға бөлуді көздеп отырмыз. Бұған қатысты жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берілді. Атап айтқанда, металлургия, IT, құрылыс, инженерия, қызмет көрсету және т.б. техникалық мамандықтарға бағытталады. 

- Қандай квоталар бар? Ауыл балаларына квота бөліне ме? 

- Бізде 9 квота көрсетілген. Соның ішінде ауыл балаларына 30% көлемде квота бөлінген. Аттестат алған кезде балы жетпесе, осы квотаны есепке алынады. Яғни квотамен оқуға түсуге болады. Қамқорлығынсыз қалған балалар, ауылдан келген жастар, аз қамтылған отбасы, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар квоталары бар. 

- Колледжде тегін білім алу үшін бала емтихан тапсыра ма? Қандай талап қойылады?

- Біз былтырдан бастап емтиханды алып тастадық. Аттестаттың орташа балы бойынша оқуға қабылдаймыз. Емтихан тек педагогикалық, медициналық және шығармашылық дайындыққа өтетін мамандықтар бойынша болады. Себебі бұл мамандықтардың өзінің ерекшеліктері бар. Сол себепті емтихан тапсыру талап етіледі. Емтихандардың уақытын колледждер өздері белгілейді. Сонымен қатар ақылы негізде оқу да бар. Ол сақталады. Елімізде жыл сайын 50 мыңға жуық бала ақылы түрде оқуға түседі.

- Құжат тапсырар кезде мамандықты таңдау мүмкіндігі беріле ме?

- Былтырдан бастап кәсіби диагностика жүргізуді бастадық. Биыл ол міндетті болады. Оқуға түсетін абитурент өзінің қандай бағытқа түсе алатынын кәсіби диагностикадан өтіп, анықтай алады. Жалпы түлекке 4 мамандық пен 4 колледж таңдауға мүмкіндік беріледі. Егер бала қателесіп, басқа мамандық таңдағысы келсе, онда 3 рет таңдау мүмкіндігін береміз. Былтыр мұндай мүмкіндік бір рет қана берілген болатын. 

- Былтыр ақылы негізде оқуға түскендер биыл грантқа ауыса ала ма?

- Егер грант орны босаса, онда бұрыннан оқып келе жатқан студенттің оқу үлгерімі жақсы болса немесе жоғарыда атаған санатқа жатса, онда грантқа өтінішін тапсыруға мүмкіндігі бар. 

Өзгелердің жаңалығы