Цой ШЫҰ мүше-мемлекеттерге COVID-19 кодтаудың жаңаша тәсіліне көшуді ұсынды

24 Шілде 2020, 20:49
1253
Бөлісу:
Цой ШЫҰ мүше-мемлекеттерге COVID-19 кодтаудың жаңаша тәсіліне көшуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алексей Цой Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің бейнеконференция түрінде өткен кеңесіне қатысты деп хабарлады ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе ШЫҰ мүше-мемлекеттердегі COVID-19 қатысты қазіргі жағдай және пандемия кезіндегі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Онлайн-жиналысқа қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі соңғы аптада Қазақстанда коронавирустық инфекция салдарынан болған өлім-жітім мен науқастар саны тәулігіне 1700-1600-ды құрап, тұрақталғанын атап өтті.

COVID-19 және пневмонияға қатысты мәліметтер барынша ашық болуы үшін Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметтерді есепке алудың жаңа тәсілін енгізді. ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросымен жүргізілген техникалық консультацияларды ескере отырып, біз аурудың халықаралық классификациясының жаңа кодтары бойынша COVID-19 жағдайларын кодтауға және есепке алуға көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, зертханада анықталған COVID-19 бен ПТР-тест нәтижесі таза, бірақ COVID-19 клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар пневмония біріктіріледі. Бүгінге дейін Қазақстанда, көптеген елдегідей, COVID-19 зертханалық-анықталғанда ғана есепке алып келді. Аурудың халықаралық жіктемесінің жаңа кодтарын пайдалана отырып, біз 1 тамыздан бастап толық кодтауға көшеміз, - деді Алексей Цой.

Ол өзге елдерді де ДДСҰ-ның COVID-19 аурудың халықаралық классификациясының жаңа кодтары бойынша кодтау және есепке алу жөніндегі ұсынысын қолдауға шақырды. 

Министрдің айтуынша, бұл тәсіл дұрыс болжам жасауға, қажетті ресурстарды, медициналық кадр, төсек, медициналық жабдық пен дәрілік заттарды дұрыс жоспарлауға, сондай-ақ, статистикалық деректердің ашықтығын және аурудың салдарын халықаралық қауымдастықпен зерттеуге мүмкіндік береді.

Осы сәтті пайдалана отырып, COVID-19-ға қарсы күрес ретінде Қазақстан халқына гуманитарлық және практикалық көмек көрсеткен барлық мемлекетке ризашылық білдіремін. Денсаулық сақтау жүйесі арасында қалыптасқан сенім мен серіктестіктің деңгейі жоғары, біз күш біріктіргенде ғана пандемияны жеңе аламыз, - деді министр.

Сонымен қатар, ол ШЫҰ ұйымға мүше-мемлекеттердегі халықтың өмір сүру деңгейі мен жағдайын жақсартудағы, аймақтағы әлеуметтік және мәдени дамудағы рөлін атап өтті.

ШЫҰ ынтымақтастық, сенім, тиімділік, теңдік, құрмет және түрлі мәдениет, бірлесе дамуға деген ұмтылысымен ерекшеленеді. Коронавирус эпидемиясы ШЫҰ елдері бірлігі мен беріктігіне сынақ болды, ол халықаралық ынтымақтастықтың, инфекциямен күресте өзара іс-қимыл мен қолдаудың негізгі маңызын көрсетті. Эпидемия басталған сәттен біз тығыз байланыстамыз, ақпарат алмасамыз, бірлескен шаралар үйлестіреміз, өзара көмек көрсетеміз, - деді кеңесте Алексей Цой.

Кеңес барысында эпидемиологиялық аурулардың алдын алу, қарсы әрекет ету және кері әсерін төмендету мақсатында кешенді шаралар әзірлеу және оны іске асыру үшін эпидемияға қарсы бірлескен іс-қимыл бойынша Үйлестіру кеңесін құру ұсынылды.

ШЫҰ мүше-мемлекеттердің обаға қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімінің жобасы келісу сатысында. Бұл ұйымға мүше-мемлекеттердің жедел және жүйелі іс-қимыл ұйымдастыру үшін ШЫҰ кеңістігіндегі эпидемияға қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құру болуы мүмкін, - деп мәлімдеді ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов.

Сондай-ақ, кеңестің қорытындысы бойынша ШЫҰ мүше елдердің Денсаулық сақтау министрлерінің қорытынды мәлімдемесі қабылданды, онда ШЫҰ кеңістігіндегі эпидемияға қарсы шараларды үйлестіру және COVID-19-бен күресте келісілген, көпжақты шешім қабылдауды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

 

Өзгелердің жаңалығы