Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу өзекті – Президент

15 Қыркүйек 2023, 13:16
1017
Бөлісу:
Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу өзекті – Президент
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысындағы баяндамасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біздің бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылғанына 30 жыл толды. Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде Қор зор рөл атқарады. Бұған қоса ХАҚҚ – халықаралық аренада Орталық Азияның субъектілігін танытатын аймақтық ынтымақтастықтың санаулы табысты механизмдерінің бірі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін екенін айтты.

Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады, - деді ол.

Мемлекет басшысы Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары екенін атап өтті.

Сонымен қатар біз суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты, - деді Тоқаев.

Ол цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі өзекті екенін айтты.

Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселелерімен тікелей айналысатын жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы