Қазақстандықтарға 17 қарашада болуы мүмкін делінген «цифрлық апокалипсиске» алаңдауға негіз жоқ. Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, ведомство халыққа азық-түлік қорын жинауға қатысты ешқандай ескерту жасамағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден ғаламтор желісінде 17 қарашада «цифрлық апокалипсис» болады деген хабарламалар тарап жатқанына қатысты пікірін сұрады. Жазбаларда Ұлыбритания, Жапония, Франция және Еуропалық одақ өкілдерінің ескертулеріне сілтеме жасалып, тұрғындарға алдын ала азық-түлік жинау ұсынылған.
Осыған байланысты журналистер Төтенше жағдайлар министрлігінен мұндай ескертулер туралы ақпарат бар-жоғын және Қазақстан тұрғындарына алаңдауға негіз бар ма екенін сұрады.
Иә, естідім. Бірақ қазіргі уақытта азаматтарымызға алаңдауға негіз жоқ екенін сеніммен айта аламын. Үкімет, оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі ешқандай хабарлама таратқан жоқ, – деді Мұрат Мұханов.
Журналистердің азық-түлік қорын жинау қажет пе деген қосымша сұрағына министр мұндай шешімді әркім өзі қабылдайтынын айтты. Алайда ведомство тарапынан азық-түлік жинауға қатысты ешқандай ұсыныс берілмегенін нақтылады.