Қазақстандықтар өздерінің дербес деректері кез-келген уақытта хакерлердің нысанасына ілігуі мүмкін екеніне дайын болуы қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының (МТАЖО) ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша сарапшы-тренерлері мәлімдеді.
Сарапшылар елді жедел цифрландыру жағдайында ақпаратты қорғау мәселесінің де маңызы артып, бірінші кезекке шығатынын атады. Жаңа технологиялар мен сервистерді енгізу азаматтар мен ұйымдардың өз деректерін қорғау қажеттігін түсінуінен әлдеқайда жылдам жүріп жатыр.
Орталық бұл ретте ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған бірқатар кеңес ұсынады:
- Көпфакторлы аутентификацияны (КФА) орнату және қолдану. КФА екінші канал, мысалы, SMS немесе қолданба-аутентификатор арқылы қосымша растауды талап етіп, қауіпсіздікті күшейтеді. Бұл алаяқтардың жұмысын айтарлықтай қиындатады.
- Қоғамдық Wi-Fi желілеріне қосылғанда VPN пайдалану. Қоғамдық Wi-Fi желілеріне қосылған жағдайда VPN қолданыңыз. Бұл сіздің деректерді әсіресе онлайн сатып алу немесе банк есепшоттарына қолжетімділік беру кезінде басқалардың біліп қоюынан қорғайды.
- Бэкап және деректерді қалпына келтіру. Деректердің резервтік көшірмелерін тұрақты құру және қалпына келтіру жоспарларын тексеріп отыру – қауіпсіздіктің іргелі шаралары болып табылады. Апат жағдайларында деректерді жоғалтудан абай болу үшін көшірмелерді түрлі ақпарат тасымалдағыштарда және әртүрлі жерде сақтау маңызды.
- Құпиясөздер менеджерін пайдалану. Құпиясөз менеджерлері әрбір аккаунт үшін бірегей әрі қиын құпиясөздер құруға және оларды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл бір құпиясөзді әртүрлі сайтта қолдану тәуекелін азайтады. Бұл әсіресе фишинг қаупі төнген жағдайларда маңызды.
- Қауіпсіздік туралы ескертулерді елеусіз қалдырмаңыз. Егер браузер немесе вирусқа қарсы бағдарлама күдікті сайт немесе бағдарлама туралы ескерту жасаса, оны елемей өтіп кетпеңіз. Абай болып, ықтимал қауіптің алдын алған дұрыс.
Сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік тұрақты назар аударуды және оны күшейтіп отыруды қажет ететінін айтып сөзін түйіндеді:
«Біздің әрбіріміз деректерді қорғау – үздіксіз процесс екенін түсінуіміз керек, ол білімді және сол білімді ұдайы жаңартып отыруды, сондай-ақ заманауи технологияларды қолдануды қажет етеді».
МТАЖО орталығында ақпараттық қауіпсіздікке арналған оқу шарасы іске қосылды. Орталық 12 жылдан бері ҚР Президенті іс басқармасы жүйесінің және өзге де ұйымдардың қызметкерлерін оқытумен айналысады. Осы уақыт аралығында мұнда 17 мыңнан астам адам оқып, білім алды.