- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Транзиттен түсетін табыс: Қазақстан жүк өткізу арқылы қанша пайда көре алады?
Транзиттен түсетін табыс: Қазақстан жүк өткізу арқылы қанша пайда көре алады?
27 Қараша 2026, 15:55
Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі артып келеді. Биылғы тоғыз айда транзиттік жүк көлемі 32,6 миллион тоннаға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 13,1 пайызға өскен. Ал 2035 жылға қарай жылдық транзит көлемін 100 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Алайда жүк тасымалының артуы ел экономикасының табысы да соншалықты өседі дегенді білдіре ме? Қазақстан транзиттік әлеуетін қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне экономист Бауыржан Ысқақ айтып берді.
Жүк көлемі емес, қосылған құн маңызды
Экономистің айтуынша, транзит Қазақстанның географиялық артықшылығын экономикалық капиталға айналдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі геосаяси жағдайда халықаралық тасымал бағыттарын әртараптандыруға сұраныс артып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы күшейіп келеді. Дегенмен сарапшы транзиттік жүк көлемінің артуын экономикалық табыспен тікелей байланыстыруға болмайтынын ескертті.
Транзиттік жүктің көбеюі автоматты түрде ұлттық экономиканың табысы артады деген сөз емес. Біз жүк көлемінен гөрі әрбір тонна жүктен ел экономикасында қанша қосылған құн қалыптасатынына назар аударуымыз керек. Транзитті тек теміржол арқылы жүк өткізу емес, логистикалық қызметтерден, инфрақұрылымнан, сақтандырудан, қоймалаудан және сервистен табыс табатын толыққанды экономикалық жүйе ретінде қарастырған жөн, - деді Бауыржан Ысқақ.
Транзиттің пайдасын шағын бизнес те көруі керек
Транзит көлемінің өсуі көлік саласымен шектелмейді. Оның саудаға, сақтандыру нарығына, қойма шаруашылығына, өңдеу өнеркәсібіне және қызмет көрсету саласына да ықпалы бар.
Мәселен, Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы жүк тасымалданғанда теміржол компаниясы ғана табыс таппайды. Жүкті тиеу, түсіру, сақтау, сұрыптау, қаптау және кедендік рәсімдеу қызметтеріне де сұраныс қалыптасады.
Алайда экономистің пікірінше, бұл нарықта отандық шағын және орта бизнестің мүмкіндігі әлі де шектеулі.
Қазір транзиттік тасымалдан түсетін табыстың едәуір бөлігі ірі инфрақұрылымдық және логистикалық операторлардың айналасына шоғырланған. Ал шағын кәсіпорындардың бұл нарыққа кіру мүмкіндігі жеткіліксіз. Мемлекет транзиттік дәліздер бойында отандық кәсіпкерлерге арналған сервистік орталықтарды дамытуы қажет. Жүк көліктеріне техникалық қызмет көрсету, қойма ашу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, тауарларды қаптау мен өңдеу бағыттарында шағын бизнес үшін үлкен мүмкіндік бар, - деді сарапшы.
Оның сөзінше, басты мақсат – Қазақстан арқылы жүк өткізіп қана қоймай, сол жүкке байланысты экономикалық қызметтің барынша көп бөлігін ел ішінде қалыптастыру.
Инфрақұрылымға салынған инвестиция өзін ақтай ма?
Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін теміржол, порттар мен шекаралық өткізу бекеттерін дамыту маңызды. Алайда миллиардтаған қаржы жұмсалған инфрақұрылымдық жобалардың экономикалық қайтарымы қандай болмақ?
Бауыржан Ысқақ мұндай жобалардың тиімділігін бес көрсеткіш бойынша бағалауды ұсынады:
Инфрақұрылымның жүк өткізу қуаты және оның нақты пайдаланылу деңгейі;
- Жүк жеткізу уақыты мен тасымал құнының төмендеуі;
- Жобаның қаржылық табыстылығы мен инвестицияның өтелу мерзімі;
- Жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері және отандық бизнестің дамуы;
- Жобаның елдің жалпы экономикалық әлеуетіне қосатын үлесі.
Егер біз қымбат инфрақұрылым салып, бірақ оның жүк өткізу қуатын толық пайдалана алмасақ, инвестицияның қайтарымы төмен болады. Сондықтан әрбір жобаның бизнес-жоспары нақты жүк ағынына, сұранысқа және болашақтағы бәсекеге қабілеттілігіне негізделуі тиіс. Инфрақұрылымға инвестиция салу қажет, бірақ әрбір теңгенің экономикалық тиімділігін есептеуіміз керек, - деді экономист.
Каспийдің тартылуы және геосаяси тәуекелдер
Бүгінгі транзиттік өсімнің алдағы жылдары да сақталатынына кепілдік жоқ. Өйткені халықаралық логистика нарығында бәсекелестік жоғары.
Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Иран және Орталық Азия мемлекеттері де транзиттік жүк ағынынан экономикалық пайда табуға мүдделі.
Мұндай жағдайда елдің бәсекеге қабілеттілігі тек географиялық орналасуына емес, тарифтерге, қызмет көрсету сапасына, жүк жеткізу жылдамдығына және шекарадан өту рәсімдеріне байланысты.
Сарапшы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін де Қазақстанның транзиттік әлеуетіне әсер ететін ұзақ мерзімді тәуекел ретінде атап өтті.
Теңіз деңгейінің төмендеуі Ақтау мен Құрық порттарының жұмысына, кемелердің жүк көтеру мүмкіндігіне және тасымал құнына әсер етуі ықтимал. Сонымен қатар халықаралық санкциялар, геосаяси шиеленістер мен әлемдік сауда бағыттарының өзгеруі де транзиттік ағындарға тікелей ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан бір ғана бағытқа тәуелді болмауы тиіс, - деді Бауыржан Ысқақ.
Экономист Шығыс - Батыс, Солтүстік - Оңтүстік, Транскаспий және келешекте Трансауған көлік бағыттарын қатар дамытудың маңызы зор екенін айтты.
Қазақстан транзиттен түсетін табысты қалай арттыра алады?
Экономистің пікірінше, Қазақстан алдағы уақытта үш стратегиялық міндетке басымдық беруі керек.
Біріншісі - инфрақұрылымдық шектеулерді жою. Теміржол желілерінің өткізу қабілетін арттыру, локомотивтер мен вагондар паркін жаңарту, Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Әсіресе Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерінің тиімділігіне назар аударған жөн.
Екіншісі - цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту. Кедендік, көліктік және шекаралық қызметтерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріп, «бір терезе» қағидатын толық енгізу маңызды.
Халықаралық тасымалда уақыт - ақша. Егер жүк Қазақстан шекарасында құжат рәсімдеу үшін бірнеше күн тұрып қалса, біз логистикалық артықшылығымызды жоғалтамыз,-деді сарапшы.
Үшіншісі - транзиттен түсетін қосылған құнды ел ішінде қалыптастыру. Ол үшін логистикалық орталықтармен қатар индустриялық аймақтарды, кедендік қоймаларды, өңдеу кәсіпорындарын және экспорттық сервистерді дамыту қажет.
Біз әлі толық пайдалана алмай отырған ең үлкен мүмкіндік – транзиттік жүктерді өңдеу және оларды отандық өндіріс пен экспортпен байланыстыру. Қазақстанның транзиттік саясатының келесі кезеңі жүк өткізу экономикасынан қосылған құн қалыптастыратын экономикаға көшу болуы керек, - деді Бауыржан Ысқақ.
Қазақстан үшін транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға жеткізу - үлкен мақсат. Алайда оның артында қанша жаңа жұмыс орны ашылатыны, бюджетке қанша салық түсетіні, отандық кәсіпкерлердің қанша табыс табатыны және өңдеу өнеркәсібінің қаншалықты дамитыны да маңызды. Транзиттік әлеуеттің шынайы экономикалық тиімділігі осы көрсеткіштермен өлшенуге тиіс.
Ең оқылған:
- Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
- Желтоқсанда Қазақстанда не қымбаттайды?
- Тоқаев: Интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек
- Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин AI Journey 2026 көрмесін аралады
- Үйді 20 жылға дейін жалдап, кейін сатып алуға болатын бағдарлама басталды: Кім қатыса алады?
Аида БАТУХАН