Трансферт туралы жаңа заң өңірлердің бюджетпен қамтылуына мүмкіндік береді - Әлібек Қуантыров

19 Қазан 2022, 10:56
1525
Бөлісу:
Трансферт туралы жаңа заң өңірлердің бюджетпен қамтылуына мүмкіндік береді - Әлібек Қуантыров

Бұл туралы бүгін өтіп жатқан Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, Мәжіліс қарауына «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы ұсынылып отыр. Бұл заң әкімшілік-аумақтық құрылымды және үш жаңа облысты қайта құру жағдайында әзірленген. Оның үстіне, орта мерзімді кезеңде өңірлік саясаттың жалпыұлттық басымдығы әрбір азамат үшін кепілдендірілген базалық қызметтер деңгейінде «теңгерімді аумақтық дамуды» қамтамасыз етеді.

Жаңа үш жылдық жалпы сипаттағы трансферттер осы міндетті өз тарапынан бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша жекелеген тәсілдерді қолдану жолымен шешуді қарастырады. Тәсілдердің бірінші бағыты өңірлердің дербестігін одан әрі арттыруға бағытталған. Былтыр Үкімет жергілікті бюджеттердің кірістерін болжау әдіснамасын жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Парламент депутаттары мен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша өңірлердің салық әлеуеті есепке алынды. Сонымен қатар Үкімет шағын және орта бизнестен корпоративтік табыс салығын берудің оң тәжірибесін ескере отырып, осы үш жылдық кезеңде де жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту бойынша тәжірибені жалғастырды. Бұл ретте, заң жобасында бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысының орта есеппен 25%-ға өсуімен, сондай-ақ жекелеген түсімдерді жергілікті деңгейге 300 млрд теңге көлемінде беруге байланысты қосымша түсімдер ескерілді, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Министрлік аталған шараларға биыл 2020-2022 жылдарға белгіленген салық демалысының аяқталуы қосымша серпін береді деп баға берді. 

Болжам бойынша өңірлердің кірістері 2022 жылы 4,7 трлн теңгеден 2025 жылы 6,1 трлн теңгеге дейін немесе 30%-ға артып, 2025 жылға өзіндік кірістер үлесінің 47%-ға дейін өсуін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының бюджеттік жоспарлауды жеңілдету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін бюджетаралық трансферттерді қысқарту бойынша жұмыс басталды. Біріншіден, жергілікті бюджеттің базасына ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемі олардың нысаналы мақсатын сақтай отырып берілуде. Жоспарлы кезеңде олардың жалпы сипаттағы трансферттер көлеміндегі үлесі орта есеппен 60%-ды құрайды. Бұл бюджеттік рәсімдерді жеңілдетуді және бюджет қаражатын түпкілікті алушыларға уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді. Екіншіден, заң жобасымен донор-өңірлер үшін бюджеттік алып қоюлар көлемін азайту жөніндегі міндет біртіндеп шешілуде, - деді Әлібек Қуантыров. 

Айтуынша, өңірлерге қатысты есептеулерде арнайы жоғарылату коэффициенттері қолданылған. 

Бұл өзіндік кірістеріндегі алып қоюлардың үлесін 2022 жылы 31%-дан үш жылдық кезеңде 19%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты бюджетаралық қатынастардың негізгі қағидатын іске асыру мақсатында өңірлердің ерекшеліктерін есепке алу бойынша тәсілдер қолданылды. Бұл ретте, жергілікті бюджеттердің шығыстарын объективті есепке алуға мүмкіндік беретін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жай-күйі арасындағы айырмашылықтарды негіздейтін салалық коэффициенттер жаңартылды. Осылайша, жоспарлы кезеңде олардың бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру үшін өңірлердің бұл шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23%-ға арттыруға мүмкіндік берді, - деді министр. 

Аталған тәсілдерді ескере отырып, заң жобасында үш өңір-донор – Астана және Алматы қалалары, Атырау облысы белгіленген. 

Олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемдерде айқындалған. 2023 жылы – 426 млрд теңге; 2024 жылы – 465 млрд теңге; 2025 жылы – 498 млрд теңге. Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі: 2023 жылы – 5,0 трлн теңгені; 2024 жылы – 5,3 трлн теңгені; 2025 жылы – 5,8 трлн теңгені құрады. Заң жобасының негізгі бағыттары осындай, - деп түсіндірді Әлібек Қуантыров. 

Заңды уақтылы қабылдау жергілікті тұрғындарды кепілдендірілген мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге арналған жергілікті бюджеттердің жоспарлы кезеңдегі теңгерімділігін сақтауға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы