АҚШ-тың Валюта айналымын бақылау басқармасы (OCC) Дональд Трамптың отбасымен байланысты World Liberty Trust компаниясына ұлттық траст-банк құруға шартты түрде алдын ала рұқсат берді. Бұл туралы ABC News хабарлады.
World Liberty Trust президент отбасы қатысқан World Liberty Financial криптожобасымен байланысты.
Белгіленген талаптар орындалғаннан кейін банк долларға байланған USD1 стейблкоинін өз бетінше шығарып, айналымнан қайтара алады, сондай-ақ цифрлық активтерді сақтаумен айналысады. Бұған дейін бұл қызметтерді World Liberty Financial үшін BitGo компаниясы атқарып келген.
Сонымен бірге World Liberty Trust-ке дәстүрлі банктік депозиттер қабылдауға немесе несие беруге рұқсат етілмейді. Толыққанды мақұлдау алу үшін компания OCC қойған бірқатар талаптарды, соның ішінде капитал көлемін арттыру талабын орындауы тиіс.
Компанияның өз мәліметінше, World Liberty Trust-тың 38 пайызы Дональд Трамп пен оның отбасы мүшелерімен байланысты құрылымға тиесілі.
Бұл шешім АҚШ Конгресіндегі демократтардың сынына ұшырады. Сенатор Элизабет Уоррен қазіргі президенттің отбасы қаржы бизнесімен айналысатындықтан, мұндай шешім ықтимал мүдделер қақтығысын тудыратынын мәлімдеді.
Ал OCC өтінімнің белгіленген рәсімдер мен заң талаптарына сәйкес қаралғанын айтты.