Ақ үй басшысы Украина президентінің іс-әрекетін сынап, оның мемлекетсіз қалуы мүмкін екені туралы пікір білдірді. Трамптың бұлай қатты кетуі АҚШ-тың Украинаға деген қолдауын әлсіретпей ме? Осы сұрақты BAQ.KZ тілшісі бірқатар қазақстандық саясаттанушыларға қойды.

Америкаға да жағып отырған жоқ
Дос Көшім, саясаттанушы: Менің ойымша, АҚШ Трамп келгеннен кейін Украинаны жарты жолда тастап кеткен сияқты. Негізі Украинаның халқы өзі біледі Зеленскийге қандай баға беретінін. Әр елдің өзінің ішкі бағасы, өз таңдауы бар. Украина соғыс болғандықтан сайлауды кейінге қалдырғаны рас. Мүмкін соған байланысты айтылған шығар. Трамптың өзінің қазіргі ұстанымына Зеленскийдің келіспей отырғаны белгілі. Сондықтан, Зеленскийді осы бағытта әйтеуір бір сынап кету керек деген де бір ой бар менде. Өйткені қазіргі Трамптың ұстанымы шындығында да бүкіл әлемнің осы уақытқа дейінгі ұстанымына сай келмейді. Иә, әртүрлі сөздермен іс-әрекеттермен оны бір жасырын көрсеткісі келеді. Бірақ, қазіргі оның пікірі не Украинаға, не Еуропа елдеріне, жалпы әлемге жағып отырған жоқ. Ашық айтайық, Американың өзіне де жағып отырған жоқ. Соңғы үш жыл бойы Америка шамасы келгенше Украинаны қолдап жатты, қару-жарақпен де, сөзбен де, іспен де. Трамптың келуі осы бағытты өзгертті. Сол өзгертудің біреуі Зеленскийге осындай сыни көзқарастың ашық айтылуы.
Украинаның қазіргі әрекеті садақа сұрағанмен бірдей
- Трамптың Зеленскийге қатысты айтқаны Украинаға АҚШ-тың қолдауын әлсірете ме?
Мұндай саясат қолдаудың әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Оның екі бағыты бар да. Бірінші бағытты Трамп ашық айтты және мен ол бағытты шындығында қолдаймын. Трамп не дейді? Украинаның жеріндегі сирек кездесетін металдарды алу, инвестиция құю мәселелері. Сол арқылы бұрынғы беріп отырған өзінің көмек қаржыларының орнын басу. Бұл бағыт ашық айтылды және бұл бағытты шындығында қолдауға болады. Егер Украинаның беріп жатқан көмекке қайтарым мүмкіндігі болатын болса, әрине, қайтару керек те. Қазіргі әрекеті садақа сұрағанмен бірдей. Ал екіншіден, Трамптың қазіргі нақты мынау келіссөздегі алдына қойып отырған мақсаттары не Украинаның, не Еуропа елдерінің көңілінен шықпайтыны айдан анық. Дегенмен, мына нәрсені ескеру қажет. Америкада президент өзінің ойына келгенін жасай алмайды, онда ол Америка болмас еді. Америкада қалай? Онда таразының басын тең ұстап тұратын басқа да мүмкіндіктер, басқа да механизмдері бар. Билік бөлінген. Иә, президентке берілген белгілі бір мүмкіндіктер бар. Бірақ, ол мүмкіндік шектен шығып кетпейді. Оны бір жақтан сенат ұстап отырады. Бір жағынан өкілдер палатасы бар. Оппозицияға кеткен демократиялық партия, тәуелсіз баспасөз бар деген сияқты. Олардың халқы билікке араласа алады. Демек, Американың халқы осы Трамптың жасап жатқанына қалай қарайды деген мәселе мені көп қызықтырады. Осы туралы әлі зерттеулер көрген жоқпын. Демек, бұл жерде де мәселе бар. Американың халқы не дейді? Оның көзқарасы, ұстанымы көп нәрсені өзгерте алады. Әрине, егер де Трамп осы бағыттан таймайтын болса.
Құрбандыққа шалған нәрселер өте көп
.jpg)
Риззат Тасым – саясаттанушы:
Үш жылға жуық Ресейдің ақпараттық қысымына сәтті төтеп берген Зеленский АҚШ тарапынан, әсіресе Трамп тарапынан жасалып жатқан ақпараттық шабуылдарды еңсеретіне сенім мол. Өйткені Зеленскийдің тәжірибесі медиаға байланысты. Сондықтан да оған осындай жария ақпараттық сауалдар арқылы бір-бірінің позициясын білу, тексеру өте тиімді. Трамп сыни пікір айтқанменен де мойындауымыз керек, Украина үш жылдың ішінде өзінің әскери әлеуетін ұлғайтты. Сондықтан да және де тек қана АҚШ тарапынан қаржыландыру көздерін емес, одан да басқа көздерін зерделеу барысында, табыс іздеу барысында сәтті іс-әрекеттер жасады. Халықаралық қауымдастықтың басым көпшілігінің өз тарапына жыға білді. Бірақ та алдағы уақытта, әрине, бұл ақпараттық текетірес жалғасын табады. Өйткені бұған дейін құрбандыққа шалған нәрселер өте көп. Америка тарапынан да, Украина тарапынан да. Сондықтан да әзірге көріп отырғанымыздай, орын алып жатқан оқиғалар Украина тарапына да ұнап жатқан жоқ. Сондықтан да олар ақпараттық кеңістегі өзінің іс-әрекеттерін, әсер-әрекеттерін одан сайын ұлғайта түседі.
Ресеймен дос болуды АҚШ тарапы күн тәртібіне қайтадан қойып отыр
- АҚШ-тың Украинаға көмегі әлсірей ме?
Трамптың президенттікке келгеннен кейінгі жасалған алғашқы қадамдары тікелей Украинаға бағытталған емес. Көріп отырмыз, Трамп өзінің Украинадан тыс үлкен саясатын жүзеге асыруға мүдделі. Ол дегеніміз Ресейдің Азияға бет бұрысын доғарып, кері еуропалық бағытқа бұру. Өйткені АҚШ үшін Ресейдің Қытай тарапына, Азия бағытына ығысуы өте тиімсіз. Сондықтан да бүгінгі таңда Ресеймен дос болуды АҚШ тарапы күн тәртібіне қайтадан қойып отыр. Ал екінші жағынан, ішкі аудиторияға да АҚШ-тың сыртқы амбициясын жүзеге асыруға жұмсалып жатқан қаражаттың ревизиясы қажет. Соңғы жылдары АҚШ-та қаражаттың тиімді пайдалану, содан кейін сырттан гөрі ақшаны ішкі көбірек жұмсау мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Бұл әлеуметтік бағдарламалардың жұмыс істемеуіне де тікелей қатысты. Сондықтан да бұл сұрақты күн тәртібінен алу үшін Трамп тарапы сыртқы бағдарламалардағы қаражатты саралап, оған қоса тікелей осы Украинадағы жұмсалған қаражаттың есебі немесе АҚШ-қа сол қаражатқа пара-пар пайда түсу жолдарын қарастырып жатыр. Міне, көріп отырғанымыздай, мұндай іс-әрекеттердің астарында прагматикалық саясат жатыр. Сондықтан да бұл стратегиясын Трамп алдағы уақытта жалғастыра береді. Екінші бір мәселе, бұған әлемдік қауымдастық тарапынан жауап қандай болмақ? Бүгінгі таңда көріп отырмыз, Трамптың жүргізіп жатқан саясатына қарсы Еуропада ішкі коалиция құру басталған сияқты. Трамптың іс-әрекеті Еуропада талай уақыт күн тәртібінен түспей жүрген Еуропалық одақтың жеке әскери құрылымдарын жасау мәселесінде ушықтыра түсті. Сондықтан да мына алдағы уақытта үлкен АҚШ бетбұрысының және де үлкен еуропалық бетбұрыстың орын алуы ықтимал. Сондықтан да бүгінгі таңда қай тарапта Украинадағы мәселені тез тоқтатуға жариялағанымен, мойындауымыз керек, Украинаның келісімінсіз бұл мәселе алға ешқашан жылжымайды. Енді бұл мәселенің алдағы уақытта қалай боларын уақыт көрсетеді.
Айта кетейік, таяуда АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленскийді ашық сынға алды. Тіпті оны "Сайлаусыз диктатор" деп те атады.
Сайлаусыз диктатор Зеленский тез әрекет етуі керек, әйтпесе оның елі жоқ болады, - деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.
Трамп сонымен қатар "АҚШ Ресеймен соғысты тоқтату туралы келіссөздерді сәтті жүргізіп жатқанын" айтты.
Зеленский Украинаның президенті болып 2019 жылы бес жылдық мерзімге сайланған болатын. Бірақ Ресеймен арадағы қақтығыстан соң енгізілген әскери жағдай кезінде билікте қалды. Украина заңы сайлауды соғыс уақытында өткізуді талап етпейді.