АҚШ президенті Дональд Трамп Калифорниядағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Ұлттық гвардия енгізілмегенде, Лос-Анджелес жер бетінен жойылып кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз Ұлттық гвардияны Калифорниядағы тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін бағыттай отырып, өте дұрыс шешім қабылдадық. Егер олай етпесек, Лос-Анджелес толықтай жойылатын еді, – деді Трамп.
Оның айтуынша, АҚШ билігі әрқашан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Айта кетейік, Калифорнияда жаппай наразылықтар ICE жүргізген рейдтен кейін басталды. Онда 45 заңсыз мигрант ұсталған болатын. Осы оқиғалардан кейін Трамп 8 маусымда тәртіпті қалпына келтіру үшін Ұлттық гвардияны қалаға енгізуді бұйырды. Алайда бұл шешімді 22 штаттың губернаторы сынға алып, оны «билікті асыра пайдалану» деп атады.