АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы жүргізілген әскери операция мен соның салдарынан жанармай бағасының қымбаттауы республикашылдардың аралық сайлауда жеңіліске ұшырауына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болғанын мойындады. Бұл туралы ол Ақ үйдің жанында журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Журналистер Трамптан бұған дейін республикашылдардың сайлаудағы сәтсіздігін Иранға қарсы соғыспен байланыстырған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің пікірімен келісетін-келіспейтінін сұрады. Мемлекет басшысы бұл бағалауды жалпы алғанда дұрыс деп санайтынын айтты.
Менің ойымша, бұл негізінен дұрыс. Өйткені қысқа мерзімді перспективада бұл бензин бағасының аздап өсуіне әкелді. Сірә, бұл шынымен де солай, – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп Иранға қатысты қабылдаған шешімдеріне өкінбейтінін атап өтті. Оның айтуынша, егер дәл осындай жағдай қайталанса, ол тағы да дәл солай әрекет етер еді. Себебі АҚШ басшысы Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол беруге болмайды деп есептейді.
Президент қысқа мерзімді экономикалық салдарға қарамастан, Иранға қатысты қабылданған шараларды ақталған шешім деп санайтынын жеткізді.
Айта кетейік, АҚШ-та аралық сайлау президенттің төрт жылдық өкілеттік мерзімінің ортасында, яғни әр екі жыл сайын өткізіледі. Бұл жолы 3 қарашада өткен сайлауда Өкілдер палатасының барлық 435 орны және Сенаттың 35 орны үшін дауыс берілді.
Сайлау қорытындысы бойынша демократтар Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие болды. Олар Сенаттағы кемінде жеті орынды және Өкілдер палатасындағы 24-тен астам орынды республикашылдардан тартып алды. Осылайша, республикашылдар Конгрестегі бақылауынан айырылды.