Трамп: Қырым Украинаға "оңайлықпен қайтпайды"

25 Сәуір 2025, 13:51
823
Бөлісу:
Трамп: Қырым Украинаға "оңайлықпен қайтпайды"
Фото: CNP/AdMedia / CNP/AdMedia

АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында Украина үшін Қырымды қайтару "өте қиын" болатынын айтты. Оның сөзінше, Қырым Ресейге "бірде-бір оқ атылмастан" берілген, ал кейінгі жылдары жағдай күрделене түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі m.business-gazeta.ru-ға сілтеме жасап.

Трамп АҚШ-тың Украинадағы соғысқа араласуын қайта қарау қажет екенін айтып, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийдің Қырымды Ресейдің бір бөлігі ретінде заңды түрде мойындаудан бас тартуы бейбіт келіссөздерге кедергі келтіріп жатқанын да атап өтті.

Бұған қоса, Трамп жақын арада Украинадағы қақтығысты шешуге қатысты өзінің жоспарын ұсынатынын мәлімдеді. Өткен аптада ол Киевке әскери көмекті тоқтататынын айтып, тараптардың бірі келіссөздерді бұзса, АҚШ бейбіт процестен шығып кетуі мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екі ел арасында мәміле болмаса, Вашингтон делдал болудан бас тартатынын айтқан. Ол Лондонда өтетін Украина мәселесіне арналған кездесуіне қатыспайтынын хабарлады. Бұған себеп – Зеленскийдің Қырым туралы мәлімдемелері.

Айта кетейік, осы аптада Мәскеуде АҚШ президентінің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ресми сапары күтілуде. Ол бұған дейін Санкт-Петербургте Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Украинадағы қақтығысты реттеу жолдарын талқылаған.

Өзгелердің жаңалығы