Трамп Канададағы орман өртінің түтіні үшін тарифтерді көтеретінін мәлімдеді

Трамптың айтуынша, Канада орман алқаптарына тиісті деңгейде күтім жасамай отыр, соның салдарынан АҚШ аумағы түтін мен ауаның ластануынан зардап шегуде.

 Evan Vucci / Reuters 18 Шілде 2026, 07:48
18 Шілде 2026, 07:48
255
Фото: Evan Vucci / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададағы орман өрттерінен шыққан түтіннің АҚШ аумағына таралуына байланысты Канадаға сын айтып, канадалық тауарларға салынған қолданыстағы тарифтерді ұлғайтатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Трамптың айтуынша, Канада орман алқаптарына тиісті деңгейде күтім жасамай отыр, соның салдарынан АҚШ аумағы түтін мен ауаның ластануынан зардап шегуде. Ол бұл жағдайды «мүлде жол беруге болмайтын» құбылыс деп атап, ластанудың салдарынан келетін шығынды Канада төлейтін тарифтерге қосуды ұсынды.

Бұл жыл сайын қайталанатын жағдайға айналды және АҚШ-қа миллиардтаған доллар шығын келтіруде. Сондықтан осы ластанудың құны қазіргі тарифтерге қосылуы тиіс, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

17-18 шілде күндері Канададағы жүздеген орман өрті салдарынан шыққан қою түтін АҚШ-тың Орта Батыс және Солтүстік-Шығыс өңірлерін тұмшалап, тұрғындарға сыртқа шықпау туралы ескерту жасалды.

Алайда климат саласының мамандары орман өрттерінің көбеюін Канададағы орман шаруашылығынан емес, жаһандық жылыну салдарынан қалыптасқан ыстық әрі құрғақ ауа райымен байланыстырады.

Британдық Колумбиядағы Томпсон Риверс университетінің профессоры Майк Фланниганның айтуынша, климаттың өзгеруі өрттің жиілеуіне және оның ауқымының ұлғаюына әсер етіп отыр.

Канада премьер-министрі Марк Карни бұған дейін АҚШ-тың өзі де климаттың өзгеруімен күрес бағытында көбірек жұмыс істеуі қажет екенін айтқан болатын. Оның кеңсесі әзірге Трамптың мәлімдемесіне түсініктеме берген жоқ.

Биыл Онтарио провинциясында ірі орман өрттері жалғасуда. Қазір шамамен 650 мың акр (2 630 шаршы шақырым) аумақ өртеніп жатыр. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Ең көп зардап шеккендердің бірі – Онтарионың солтүстік-батысындағы Namaygoosisagagun First Nation (Collins First Nation) байырғы қауымдастығы. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, елді мекен түгелге жуық жанып кеткен.

Ал Онтарио премьері Даг Форд провинция орман өрттерімен күресті күшейту үшін 11 жаңа өрт сөндіру ұшағын сатып алатынын хабарлады.

Наверх