Вашингтон үнсіз, ал Тегеран өз ұсынысына жауап алғанын жариялады

Тегеран ұсынған жоспар 14 тармақтан тұрады.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 00:30
Бүгiн 2026, 00:30
104
Фото: depositphotos.com

АҚШ пен Иран арасындағы ахуал қайта шиеленісуі мүмкін. Дональд Трамп Иранның соңғы бейбіт ұсынысына қатысты пікір білдіріп, оны әлі толық зерттемегенін, бірақ қабылдануы екіталай екенін айтты. Оның сөзінше, Тегеран «жеткілікті деңгейде жауапкершілік алған жоқ», деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Иран тарапы болса, АҚШ-тан өз ұсынысына жауап алынғанын мәлімдеді. Елдің сыртқы істер ведомствосының дерегінше, жауап Пәкістан арқылы жеткізілген және қазір зерттеліп жатыр. Алайда Вашингтон бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Тегеран ұсынған жоспар 14 тармақтан тұрады. Онда аймақтағы америкалық әскерлерді шығару, теңіз блокадасын тоқтату, барлық әскери әрекеттерді, соның ішінде Израильдің Ливандағы операцияларын доғару талаптары қамтылған. Сондай-ақ тараптар 30 күн ішінде толық келісімге келуі тиіс екені айтылған.

Сонымен қатар Трамп Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастау мүмкіндігін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, «егер Иран дұрыс әрекет етпесе», АҚШ күш қолдануға қайта оралуы ықтимал.

Айта кетейік, қазіргі таңда тараптар арасында уақытша атысты тоқтату режимі сақталғанымен, ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізілген жоқ. Сарапшылар бұл жағдай Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа және әлемдік энергетика нарығына әсер етуі мүмкін екенін айтуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Иран АҚШ-қа Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеуге бағытталған 14 тармақтан тұратын жаңа бейбіт жоспарды жолдаған болатын.

Наверх