Трамп: Иран келісімге келгісі келеді

АҚШ президентінің айтуынша, Тегеран жаңа әскери соққылардың алдын алу үшін келіссөз жүргізуге ниетті.

 Anadolu Agency 8 Тамыз 2026, 15:19
8 Тамыз 2026, 15:19
96
Фото: Anadolu Agency

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның АҚШ-пен келісімге келуге мүдделі екенін мәлімдеп, «Олар бізден соққы жегісі келмейді» деді.

Punchbowl News-ке берген сұхбатында Трамп әлемдегі және АҚШ-тағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Жанармай бағасы қайта қымбаттай ма деген сұраққа жауап берген АҚШ президенті, бұл тек Иранға қарсы жаңа шабуыл болған жағдайда ғана мүмкін екенін айтты. Ал мұндай жағдай орын алмаса, оның пікірінше, жанармай бағасы төмендейді.

Трамптың айтуынша, Иран жаңа әскери шабуылға тап болғысы келмейтіндіктен келісімге келуге дайын.

(Иран) бізбен келісім жасағысы келеді. Олар бізден соққы жегісі келмейді, – деді ол.

Сұхбат барысында АҚШ-тағы ішкі саясат мәселелеріне де тоқталған Дональд Трамп елдегі сайлау науқандарының әрдайым түрлі қиындықтармен өтетінін айтып, мұны 2020 жылғы сайлау мен өзге де кезеңдер дәлелдегенін жеткізді. Оның сөзінше, АҚШ-тың кейбір штаттарындағы сайлау жүйесі «үшінші әлем елдеріне ұқсайды». Сондықтан дауыс беру кезінде жеке басын куәландыратын құжатты міндетті түрде көрсетуді көздейтін SAVE America Act заң жобасының маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар Трамп қараша айында өтетін аралық сайлауда республикашылдардың Өкілдер палатасы мен Сенатта жеңіске жететініне сенім білдірді.

Менің ойымша, біз аралық сайлауда жеңеміз, – деді АҚШ президенті.

Қытаймен бәсекелестік туралы пікір білдірген Дональд Трамп АҚШ бұл елдің технологиялық басымдығына жол бермеуі керек екенін айтты.

Біз Қытайдың бізден озып кетуіне жол бере алмаймыз, – деді ол.

Президенттің сөзінше, АҚШ қазір криптовалюта саласында жетекші орында тұр және Қытайдың бұл бағытта үстемдік орнатуына жол бермеуі қажет. Ол сондай-ақ Қытайдың жасанды интеллект пен криптовалюта саласында алға шығуын қаламайтынын айтып, бұрынғы президент Джо Байденнің бұл тақырыпқа кейін ғана қызығушылық танытқанын еске салды.

Мен мұны өте қарапайым себеппен жасап отырмын. Қытайдың немесе Жапонияның бұл салада үстемдік етуіне жол бере алмаймыз, – деді Трамп.

Сөз соңында АҚШ президенті Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы бірнеше аптада АҚШ-қа келетінін хабарлады. Оның айтуынша, алдағы кездесуде жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарына қатысты мәселелер талқыланады.

Наверх