Тозығы жеткен жабдықтар. Ақшолақов өңірлердегі жылу желілеріне тоқталды

6 Қыркүйек 2022, 11:04
1150
Бөлісу:
Тозығы жеткен жабдықтар. Ақшолақов өңірлердегі жылу желілеріне тоқталды

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министр жылыту маусымына дайындық барысында жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес биыл ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңірлерді атады.

Кентау ЖЭО-5-тің негізгі жабдығының қатты тозғанын ескере отырып, Түркістан облысының әкімдігіне Кентау қаласының жылу электр орталықтары мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржыландырудың уақтылы бөлінуіне назар аударып, көмірмен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу қажет. Жалпы, энергия көздерін дайындау бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, жоспардың 80%-ы орындалды. Сонымен қатар бүгінгі таңда әкімдіктің ақпараты бойынша жылу энергиясының жабылмайтын тапшылығы 346 Гкал/сағ құрайды. Өсіп келе жатқан тапшылықты жабу үшін ЖЭО-3-ті пайдалануға енгізуді жеделдету қажет, - деді ведомство басшысы. 

Ал Абай облысында отын сатып алуды қаржыландыруға қатысты ескерер тұстар бар. 

Абай облысындағы «Теплокоммунэнерго» МКК бойынша облыс әкімдігіне барлық жылыту кезеңіне толық көлемде отын сатып алуға қаржыландыру бөлу жөнінде және кәсіпорынның берешектерін төмендету жөнінде шаралар қабылдау қажет. Маңғыстаудағы энергия блоктарын жиі авариялық ажыратуға байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің» жылу электр станциясының тұрақсыз жұмысы атап өтіледі. Өткен жылыту маусымында Степногор ЖЭО қазандықтарында 2020-2021 жылғы жылыту маусымымен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтардың 78%-ға өсуі байқалады. Жылу желілерінің  81%-ы тозған, - деді Ақшолақов. 

Екібастұз қаласындағы жылу желілері де қатты тозып кету себепті жылыту маусымының басында жылу желілерінің жоғары авариялылығы байқалған. 

Бұл тұрғындар арасында негізді шағымдар тудырды. Бұдан басқа, жылу желілеріне күрделі жөндеулер шамалы ғана жүргізілген, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы